"Тарифтер өсіп, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді": 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді

Биыл сәуір айынан бастап елімізде жұмыспен қамту жүйесі жаңарып, тарифтер өседі. Сонымен қатар жаңа ақылы жолдар іске қосылып, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді. Stan.kz сәуір айында тағы қандай маңызды өзгерістер болатынын толығырақ қамтыды.
Бизнес пен еңбек нарығына жаңа ереже енгізіледі
2026 жылы 1 сәуірден бастап Қазақстанда жұмыспен қамту жүйесі жаңартудан өтеді. Жұмыс берушінің меншік нысанына қарай субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңа, сараланған тәсілі енгізіледі.
Сонымен қатар бизнес-гранттарды бақылаудың екі деңгейлі цифрлық жүйесі іске қосылады.
1-деңгей:
- қаражаттың мақсатты жұмсалуы қадағаланады;
- алушының талаптарға сәйкес келетіні тексеріледі (шектеулер, бұзушылықтар бар-жоғы);
- өтінімдердің бірыңғай электронды тізілімі қолданылады.
2-деңгей:
- жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығы бағаланады;
- жаңа жұмыс орындарының ашылуы талданады;
- нақты экономикалық тиімділігі бақыланады.
Жобаның негізгі мақсаты мемлекеттен қаржы бөлінгенімен, бизнес дамымай, жұмыс орындары ашылмай, кейін жабылып қалатын мәселелерді жою.
Фото: freepik.com
Алматыда 1 сәуірден бастап жылу мен ыстық су тарифі қымбаттайды
Бұл өзгеріс коммуналдық қызметтерге қойылған мораторийдің аяқталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қала тұрғындары үшін жылу энергиясының тарифі шамамен 10%-ға өсіп, 7 503,35 теңгеден 8 240,25 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) жетеді. Есептегіші бар үйлерде тариф 8 088,18 теңге/Гкал болса, есептегішсіз үйлерде 9 888,30 теңгеге дейін қымбаттайды.
Ыстық су бағасы да өзгереді. Ашық жүйедегі көпқабатты үйлерде бір адамға шаққандағы айлық төлем 1 937,91 теңгеден 2 114,65 теңгеге өседі. Ал жеке есептегіші бар пәтерлерде 1 текше метр су 612,68 теңге болады.
Сонымен қатар бюджеттік ұйымдар үшін тариф төмендеп, 26 681,50 теңгеден 23 642,11 теңгеге дейін қысқарады. Ал бизнеске арналған тариф шамамен 1,7%-ға өсіп, 14 586,13 теңге/Гкал деңгейінде белгіленген.
Жалпы, 1 сәуірден бастап Қазақстанда коммуналдық тарифтерді ұстап тұрған мораторий күшін жояды. Билік өкілдері бағаның күрт көтерілмейтінін айтып отыр. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, тарифтер кезең-кезеңімен және таңдамалы түрде өзгереді.
Ведомствоның түсіндіруінше, негізгі мақсат – халыққа салмақ түсірмей, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізу және апаттардың алдын алу.
Ал электр энергиясына қатысты тарифтер өзгеріссіз қалады. Энергетика министрлігі 2026 жылы 1 сәуірден бастап электр тарифтері 2025 жылғы деңгейде сақталатынын мәлімдеді.
Фото: freepik.com
“7-20-25” ипотекалық бағдарламасы ашылады
1 сәуірден бастап “7-20-25” ипотекалық бағдарламасы бойынша екінші тоқсанға арналған жаңа қаржыландыру лимиті ашылады.
Сәуір–маусым айларына банктерге 25 миллиард теңге бөлінеді. Жалпы жылдық лимит 100 миллиард теңге болады. Ал қаражат әр тоқсан сайын тең үлеспен бөлініп отырады. Бағдарлама операторы – Қазақстан тұрақтылық қоры.
Қазір ипотеканы Halyk Bank, Freedom Bank, ForteBank, Bank RBK, Еуразиялық банк, Altyn Bank және “Банк ЦентрКредит” арқылы рәсімдеуге болады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, несие мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – кемінде 20%, ал мерзімі – 25 жылға дейін. Өтініш берушінің және оның жұбайының соңғы 18 айда өз атында баспана болмауы тиіс. Сонымен қатар тек жаңа тұрғын үй сатып алуға рұқсат етіледі. Ал қайталама нарықтағы үйлер жарамайды.
Бағдарламаға Қазақстан азаматтары бір рет қана қатыса алады. Тұрғын үйдің шекті бағасы өңірлерге байланысты:
- ірі қалаларда 30 миллион теңгеге дейін;
- Қарағандыда 25 миллион теңгеге дейін;
- ал басқа өңірлерде 20 миллион теңгеге дейін белгіленген.
Айта кетейік, бөлінген лимит барлық өтінімнің мақұлдануын білдірмейді. Қаржы көлемі шектеулі болғандықтан, өтініштер кезек тәртібімен қаралады.
Бизнес тіркеу ережелері өзгереді
Әділет министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, 1 сәуірден бастап заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу тәртібі өзгереді. Мәліметке сәйкес, кей жағдайларда құрылтайшының жеке қатысуы міндетті болуы мүмкін.
Бұл талап:
- тіркеуші органдардың ішкі ережелеріне сәйкес;
- ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама аясында қолданылады.
Демек жүйе “тәуекелді жағдайды” анықтаса (жаппай тіркеу немесе күмәнді деректер), құрылтайшы компания мәселені жеке өзі растауға шақырылады. Хабарлама eGov жүйесіндегі жеке кабинетке келеді. Кейде бұл талап компания деректерін өзгерту немесе филиалдарды қайта тіркеу кезінде де қойылуы мүмкін.
Сонымен қатар енді компанияның мекенжайын растау қажет. Онлайн тіркеу кезінде көрсетілген мекенжай иесінің келісімі міндетті болады. Мемлекет бұл деректерді "Мекенжай тіркелімі" жүйесі арқылы автоматты түрде тексереді.
Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады
Сәуірден бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігін оның мерзімі өтіп кеткен жағдайда да eGov.kz пен eGov Mobile арқылы онлайн ауыстыра алады. Бұған дейін бұл қызмет тек жарамды құжат болғанда ғана қолжетімді еді. Енді барлық санаттағы жүргізушілерге қатысты.
Маңыздысы:
- мерзімі өтіп кетсе → міндетті түрде медициналық тексеру қажет;
- мерзімі бітпей ауыстырса → медициналық тексеру талап етілмейді;
- қызмет көрсету уақыты – шамамен 60 минут;
- дайын құжат Халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі.
Қалай алуға болады:
- eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы өтінім беру;
- фото мен қолтаңба жүктеу;
- мемлекеттік бажды төлеу (1,25 АЕК)
Шектеулер:
- 30 күннен асқан төленбеген айыппұл болса — қызмет көрсетілмейді;
- деректер цифрландырылмаса — Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет;
- фото талаптарға сай болуы тиіс (ескі фото 3 жылдан аспауы керек).
Қызмет іске қосылғалы оны 60 мыңнан астам адам пайдаланған.
Балалар демалысына бақылау күшейтіледі
2026 жылдың 1 сәуірінен бастап балалар лагерьлерінің қызметі лицензияланады. Лицензия мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылады.
Үкімет мәліметінше, бес жылдық лицензия ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуі мен мемлекеттік бақылау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Бұл шара балалардың демалысы, сауықтыру мен білім беру қызметтерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, бірыңғай стандарт енгізуге бағытталған.
Фото: freepik.com
Жаңа ақылы жолдар пайда болады
2026 жылдың сәуір–мамыр айларынан бастап Қазақстанда ақылы жолдар желісі кеңейтіледі. Өзгерістер үш негізгі бағытты қамтиды:
Балқаш – Бурылбайтал
Қарағандыдан Балқаш арқылы өтетін шамамен 645 шақырым жол толықтай ақылы болады (бұған дейін 91 шақырым ғана ақылы болған). Жергілікті жүргізушілер үшін абонемент қарастырылады.
Бурылбайтал – Құртты
226 шақырым жолдың толық бөлігі барлық көлік түрлері үшін ақылы болады. Нәтижесінде Алматы – Қарағанды бағытының басым бөлігі ақылы жолға айналады.
Талдықорған – Өскемен
Жеңіл көліктер үшін алғашқы 32,4 шақырым ғана ақылы болады. Ал автобустар мен жүк көліктері үшін бүкіл 773 шақырым жол ақылы болады.
Жол ақысы көліктің нөмірі арқылы автоматты түрде есептенледі. Жоба сәуір–мамыр айларында іске қосылады. Тарифтер әлі бекітіліп жатыр.
Кеден жүйесі толық цифрлық форматқа көшеді
2026 жылдың 10 сәуірінен бастап Қазақстанда Keden жаңа кедендік ақпараттық жүйесі толық іске қосылады.
Енді импорт пен экспорт кезінде тауарларды рәсімдеу жаңа платформа арқылы жүргізіледі. Атап айтқанда, декларацияларды беру, оларды өңдеу және тауарларды шығару процестері цифрландырылады.
Жаңа жүйе жүктің рәсімделу уақытын қысқартып, қағазбастылықты азайтуға және импорттық тауарлардың жеткізілуін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Фото: freepik.com
Әскери қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерінің ережесі өзгереді
13 сәуірден бастап Тоқаев қол қойған заң күшіне енеді. Құжат күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметіне қатысты мәселелерді қамтиды.
Енді тұрғын үй төлемдерін есептеу тәртібі, оларды тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту, қайта есептеу және тоқтату мәселелері Үкімет қаулыларымен реттеледі. Бұл нормалар заңның өзінен алып тасталды.
Бұрынғыдай, күштік құрылым қызметкерлері қызметтік тұрғын үй немесе арнайы шотқа төлем алу мүмкіндігін сақтайды. Бұрын арнайы орган қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге мемлекеттен үй берілмеген уақыттар болған. Енді сол кезеңдер үшін оларға бір реттік өтемақы қарастырылады.
Жаңа редакцияда төлемдерді есептеу нақты мерзімдерге байланыстырылған:
- арнайы орган қызметкерлері үшін төлемдер 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі қызмет кезеңі үшін есептелуі мүмкін;
- Қарулы күштерден немесе өзге құрылымдардан ауысқан жағдайда 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең ескеріледі;
- 2018 жылға дейін жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйде тұрғандарға сол кезең үшін төлемнің 50%-ы есептеледі.
Мұндай жағдайда бұрын төленген тұрғын үй төлемдері жалпы сомадан шегеріледі. Енді біржолғы төлемдер қызметтен босатылған кезде де қарастырылады:
- шекті жасқа жеткенде;
- денсаулық жағдайына байланысты;
- штат қысқаруына байланысты;
- отбасылық жағдайларға байланысты (кейбір шарттармен).
Бұл өзгерістер бұрынғыға қарағанда алушылар санын кеңейтеді.
Сонымен қатар 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 10 жыл қызмет еткен және жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асатын, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйде тұратын әскери қызметкерлерге өтемақы алу құқығы беріледі.
Фото: freepik.com
Қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріледі
2026 жылы 15 сәуірге дейін банктер қазақстандықтардың күмәнді аударымдары туралы ақпаратты салық органдарына береді. Осы мерзімнен кейін жасырын кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке ілінгендерге хабарлама жіберіле бастайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында кәсіпкерлік табыс белгілері бар мобильді аударымдарға қатысты жаңа критерийлер бекітілген. Бұл талаптар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Аталған критерийлерге сәйкес, банктер салық органдарына мәліметтерді әр тоқсан сайын, тоқсан аяқталғаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей ұсынуы тиіс. Осылайша, белгіленген талаптар бойынша банктерден түсетін алғашқы мәліметтер салық органдарына биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 15 сәуірге дейін жеткізіледі.
Салық органдарының мәліметінше, егер бір адам үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан ақша аударымын алса және олардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 миллион теңгеден асса, мұндай аударымдар күмәнді деп есептеледі.
Егер аударымдар осы талаптарға сай келсе, банктер ол туралы мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Мысалы, қазақстандық азамат қаңтар айында 111 адамнан, ақпанда 120 адамнан, наурызда 117 адамнан ақша алып, үш айдағы жалпы сома 1 миллион теңгеден асқан жағдайда, ол салықтық тексеруге ілігеді.
Фото: Stan.kz
Сәуірде Қазақстанның 38 өңірінде әкім сайлауы өтеді
2026 жылдың сәуір айында Қазақстанның 38 қаласы, ауданы мен ауылдық округінде әкім сайлауы өтеді. Сайлау бірнеше кезеңмен ұйымдастырылады.
5 сәуірде
Түркістан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы бірқатар ауылдар мен кенттерде өтеді.
12 сәуірде
Ақмола, Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Абай және Атырау облыстарындағы ауылдық округтерде сайлау болады.
19 сәуірде
Қызылорда қаласындағы Белкөл кентінде, сондай-ақ Түркістан облысының Шардара қаласы мен Сүткент ауылында әкім сайланады.
26 сәуірде
Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы бірнеше аудан мен ауылдық округтерде, соның ішінде Талғар қаласында сайлау өтеді.
Сайлау аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округ әкімдерін қамтиды.
Қару сақтауға бақылау күшейеді
“Қару-жарақтың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы” заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Түзетулер қару иеленетін заңды тұлғаларға да, жалпы есепке алу және бақылау жүйесіне де қатысты.
Енді қару иелері қаруын арнайы тексеру үшін оны белгіленген тәртіппен атып көрсетуге міндетті. Егер қаруды тексеруге (атуға) уақытында апармасаң қару ұстауға рұқсат бермеуі немесе бұрынғы рұқсатты алып қоюы мүмкін. Қаруды кеш тапсырғандарға рұқсат берілмеуі мүмкін немесе рұқсат мерзімі ұзартылмайды.
Егер компанияның қызметі тоқтатылса, ол 10 жұмыс күні ішінде қару мен оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына тапсыруға міндетті.
Сонымен қатар оқ пен гильза іздері тіркелетін мемлекеттік пулегильзотека енгізіледі.
Фото: freepik.com
Шетелдік әртістердің концерттері мен гастрольдері қатаң бақыланады
Сәуір айының екінші жартысынан бастап креативті индустрияyы қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оның негізінде тыйым салынған контенттің тізімі кеңейтілді. Енді ұйымдастырушыларға келесі мазмұндағы материалдарды қолдануға тыйым салынады:
- суицидті насихаттау;
- порнография;
- есірткі заттары.
Бұған дейін де заңда шектеулер болған (экстремизм, қатыгездік культі), алайда енді тізім кеңейтілді.
Шетелдік әртістер мен ұжымдардың концерттері мен гастрольдерін өткізу үшін іс-шарадан кемінде 30 жұмыс күні бұрын әкімдікпен келісу қажет.
Сонымен қатар егер бағдарламада тыйым салынған контент (есірткі, порнография, суицидті насихаттау) анықталса, мұндай іс-шараларға тыйым салынуы немесе тоқтатылуы мүмкін. Бұл әндерге ғана емес, әзілдерге, театр қойылымдарына және сценарийлерге де қатысты.
Фильмдер прокатқа кешігіп шығады
Қазақстанда кинопрокатқа бақылау күшейтіледі. “Кинематография туралы” заңға енгізілген түзетулер прокат куәлігін алу тәртібін өзгертеді және фильмдерді прокатқа дейін сараптау механизмін енгізеді.
Негізгі өзгерістердің бірі – прокат куәлігін беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Бұл фильмдердің прокатқа шығуы кешігуі мүмкін дегенді білдіреді. Сондықтан дистрибьюторлар релиздерді алдын ала жоспарлауы тиіс. Егер фильмнің аннотациясы бойынша мазмұнын түсіну немесе жас санатын анықтау мүмкін болмаса, алдын ала сараптаманы уәкілетті орган мен сарапшылар комиссиясы жүргізеді.
Ал егер фильм туралы берілген ақпарат жалған немесе бұрмаланса, прокат куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.
"Тарифтер өсіп, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді": 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді