"1 наурызға дейін зерттеу жүргізіледі": Тоқаев уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді. Президент бұл мәселе төңірегіндегі талқылаулардан хабардар екенін, үкімет пен парламент бұл мәселені қарастырып, бірігіп негізделген шешім қабылдайтынына сенім білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ана тілі” газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos
Президент елдегі бар жағдайды көріп-біліп отырғанын мәлімдеді.
“Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет”, – деді Тоқаев.
- Денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуге 50 миллион теңге жұмсамақ
Мемлекет басшысы алдағы уақытта нақты ұсыныстар талқыланатынын мәлімдеді.
“Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін”, – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің ауысуының қазақстандықтарға әсерін зерттеуден бас тартпайтынын, оған шамамен 100 млн теңге бөлінетінін айтты. Алайда зерттеу нәтижесіне қарамастан, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім өзгермейді деп мәлімдеді. Зерттеу 2025 жылдың қаңтарынан басталып, негізгі бөлігі сол жылы аяқталады.
22 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды, бірақ бірнеше күннен кейін алынып тасталды. Сандық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 200 мың адамнан жауап алынған соң, сауалнама аяқталған.