Фото: Видеодан скрин
Қазақстандықтар қытайлық автокөліктер жеткізушілерін алаяқтық жасады деп айыптады. Жақында 60-қа жуық адам компанияға көлік үшін ақша төлеген, бірақ автокөліктерін әлі күнге дейін ала алмай келеді. Ал менеджерлер телефондарға жауап беруді қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір апта бұрын бұл автосалонда қытайлық көліктер сатылымда тұрған. Қазір ғимарат бос. Көліктер мен жабдықтар орнында жоқ, есіктер жабылып, мөрленген. Осы компаниядан қытайлық кроссоверді сатып алмақ болып 3 жыл бойы жинаған 12 миллион теңгесін Илья Погожев пен жұбайы санап берген. Ильяның айтуынша, бағаны төмендету үшін автодилер көлікті Қорғастан тікелей тапсырыс беруді ұсынған. Алайда келісім жасалғаннан кейін екі ай өтсе де, көлік жоқ.
Жәбірленушілердің айтуынша, компанияның құрылтайшысы шетелге қашып кеткен, қазір Ыстамбұлда жүр. Қазір ол іздестіріліп жатыр. Зардап шеккендер көліктен үміттерін үзген, десе де ақшаларын қайтаруды талап етіп отыр.
“Компанияның құрылтайшысы Байғарин Ерназар бастапқыда өзі хабарласып, қазір кеденде мәселе бар екенін, сіздің көлігіңізді жақында жеткіземіз деп айтқан. Алайда өткен аптаның бейсенбі-жұма күндерінен бастап ол байланысқа шықпай қойған. Қоңыраулар да, хабарламалар да бармайды”, – дейді Илья Погожев.
Қазір 60 қазақстандық қиын жағдайда. Олар Қазақстанның жеті қаласынан жиналғандар. Сатып алушылардың айтуынша, олар автодилерге жалпы сомасы 1 миллиард 200 миллион теңге аударған.
“Өткен аптада бізге автосалон қызметкері қоңырау шалып, осындай жағдай болғанын айтты. Басшы барлық ақшаны алып, қашып кеткен. Сол себепті кеше келіп, полицияға арыз жаздық”, – дейді жәбірленушілердің бірі Омар Оспанов.
Алданған сатып алушылар жағдайын айтып, жанайқайын жеткізсе де, полиция бұл ақпаратты растамады.
“Аталған факті бойынша Жетісу ауданы полиция басқармасы Қылмыстық кодекcтің 190-бабы, 4-бөлігі бойынша (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) қылмыстық іс қозғады. Қазір өндірістің кешенді, жан-жақты және объективті өткізуін қамтамасыз ету үшін жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.