Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 қыркүйек демалыс күнге келіп отыр: Оқу-ағарту министрі алғашқы қоңырауға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Pixabay.com

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл Конституция күніне орай демалыс болғандықтан, мектеп жиындары кейінге шегеріле ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биыл Қазақстанда 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні сенбіге келіп отыр. Осыған байланысты демалыс дүйсенбі – 1 қыркүйекке ауыстырылады. Министрдің айтуынша, биыл сабақ ресми 2 қыркүйекте басталады.

"Салтанатты іс-шараға, оқу жылының басына келер болсақ, біз бұл мәселені қарастырдық. Мектеп пен мұғалімдер кеңесі салтанатты шараларды 1 қыркүйекте өткізу мүмкіндігін қарастырса, бұл шешім қабылданатын шығар. Әрине, біз мұндай мүмкіндік береміз. Бірақ ресми түрде барлық іс-шара 2 қыркүйекте өтуі керек. Өйткені бұл жұмыс күні және баяғыдан солай болған”, – деді Бейсембаев.


Қазақстанда соңғы қоңырауға қатысты ережелер мен тыйымдар айтылды


Ол алғашқы қоңырау бірінші сынып оқушылары үшін өтетінін айтты. Мектеп оқушылары үшін бұл мереке ерекше дейді.

"1 қыркүйек бірінші сынып оқушылары үшін негізінен ерекше. Сондықтан біз ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен ақылдасып жатырмыз. Олар көбіне 1 сыныпқа баратын оқушыларға қатысты мәселені көтереді. Бұл өте маңызды сәт, олар мектепке алғаш рет келеді, сондықтан мұндай символикалық мерекені өткізу өте маңызды", – деп түйіндеді министр.

Еске салсақ, биыл оқу жылының аяқталуы жексенбіге келгендіктен, соңғы қоңырау басқа күнге ауыстырылған еді. 

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 14:05
Талқылау