1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың табысы жаңа тәртіппен есептеледі: Қаржы министрлігі жаңа ережені бекітті
Фото: depositphotos.com
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың табысы жаңа тәртіппен есептеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың табысын жанама әдіспен анықтаудың жаңа қағидаларын бекітті. Енді салық органдары жеке тұлғалардың табысын активтер құнының өсуі, шығындарды есепке алу және шоттардағы қаражат қозғалысы арқылы бағалай алады, бұл үшін банктердің, сақтандыру компанияларының, мемлекеттік органдар мен шетелдік компаниялардың деректері пайдаланылады.
Бұл ереже 2026 жылдың 1 қаңтарына бастап күшіне енеді.
Жанама әдіс жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарға, сондай-ақ есеп жүргізу тәртібі бұзылған немесе құжаттар жоғалған жағдайда қолданылады.
Шотындағы ақша айналымы 2 миллион теңгеден асқан қазақстандықтарды салық органдары тексереді
Табысты есептеу кезінде салық органдары жеке тұлғалардың төмендегі деректеріне қол жеткізе алады:
- банк шоттардағы қаражат қозғалысы, несие мен ипотека туралы мәліметтер;
- мүлік, медициналық және білім беру шығындары, сақтандыру шарттары мен бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы деректер;
- жеңілдетілген салық салу қолданылатын шетелдік мүлік туралы ақпарат;
- салық есебіндегі мәліметтер;
- салық және кеден тексерулерінен кейін алынған деректер;
- құжатпен расталған өзге де ақпарат көздері.
“Егер жеке тұлғаның салық есебінде көрсетілген табысы оның жеке тұтынуға, соның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығындарына сәйкес келмесе, мемлекеттік кірістер органдары өткен кезеңдердегі табыстарды ескере отырып, оның табысы мен салығын жұмсалған шығындар негізінде айқындайды”, – делінген құжатта.
Егер жеке тұлға табысы мен мүлкі туралы декларация ұсынбаса, бұл азаматтың салық салуға жататын табысы мен мүлкі жоқ деп есептеледі.
Егер жеке тұлғаның жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскелері, аяқталмаған құрылыс, материалдық емес активтер, инвестициялық жылжымайтын мүлік және басқа да мүліктерінің құнын растайтын құжаттары болмаса, олардың нарықтық құнын тәуелсіз бағалаушы айқындайды.
Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылдан бастап айлық табысы 3 миллион теңгеден асатын жеке тұлғалар 15% жеке табыс салығын төлеуге міндеттелетіні туралы жазған едік.
“Қазақ әйелін аяққа таптау, нәпсіcінің қалауы ғана": Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?