1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың мобильді ақша аударымдары жаңа тәртіппен тексеріледі
Фото: pixabay.com
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтардың мобильді ақша аударымдары жаңа тәртіп бойынша бақыланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жетілдірілген тәртіп күшіне енеді. Жаңа жүйе қаржы министрлігі, ұлттық банк және екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жасалған.
“Құжатқа сәйкес, егер жеке тұлға үш күнтізбелік ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамдардан ақша аударымдарын қабылдап, сол уақытта бұл аударымдардың жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 12 еселенген шамасынан асып кетсе, банктер бұл деректерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды”, – делінген ресми хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, мұндай тәртіп жеке тұлғалардың кәсіпкерлік және жеке мақсаттағы ақша аударымдарын неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Жаңа ережелер тұрмыстық сипаттағы аударымдарға бақылауды барынша азайтады деп күтілуде.
Шотындағы ақша айналымы 2 миллион теңгеден асқан қазақстандықтарды салық органдары тексереді
"Жаңа тетік кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ деректерді өңдемей, жүктемені азайтуға мүмкіндік береді", – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Егер кәсіпкерлік қызметтің белгілері анықталса, құзырлы органдар камералдық бақылау жүргізеді. Мұндай жағдайда жеке тұлғаға хабарлама жіберіледі, бұл хабарлама талабын 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Егер азамат хабарламадағы мәліметтермен келіссе, салық тіркеу есебіне тұруы тиіс. Ал егер келіспесе, онда мемлекеттік кірістер органдарына жазбаша немесе электронды түрде түсініктеме ұсынуға міндетті.
Ал қайырымдылық мақсатында жасалға мобильді аударымдар волонтерлік қызмет ретінде қарастырылады. Бұл жағдайда ұйымдастырушы жиналған қаражат жөнінде көмек алушыға есеп беруге міндетті. Мұндай табыстарға салық салынбайды. Алайда үш ай ішінде шотқа 100 және одан да көп түрлі адамдардан аударым түскен жағдайда, банк операцияларды тексеруді бастауы мүмкін. Сол кезде азамат қормен жасалған келісімшартты немесе жиналған қаражат туралы есепті ұсынуға міндетті.
Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың табысы жаңа тәртіппен есептелетіні туралы жазған едік.