Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды

Қайсар Қамза ұсталдыФото: ІІМ Баспасөз қызметі

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамның Камрань қаласында ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің  мәліметінше, ұстау Интерпол арналары арқылы Қазақстан мен Вьетнам құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы нәтижесінде жүзеге асқан.

"Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген блогер К.-ны Камрань қаласында ұстады. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген", – деп мәлімдеді ІІМ.

Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер әлеуметтік желілерін онлайн-казиноны жүйелі түрде жарнамалау үшін пайдаланған. Ведомство деректеріне сәйкес, ол жарнама жариялап қана қоймай, аудиторияны құмар ойындарға тартумен де айналысқан.

"Ол әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнематериалдарын тұрақты түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан”, - деп атап өтті ведомство.

ІІМ сондай-ақ алдын ала мәлімет бойынша күдікті 100 миллион теңгеден (шамамен 220 мың доллар) астам табыс тапқанын хабарлады.

"Құқыққа қайшы әрекеттер нәтижесінде күдікті 100 миллион теңгеден астам заңсыз табыс алған. Қаражат оның атына тіркелген криптовалюталық әмиянға аударылған”, - деді министрлік.

Қазір блогерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін миллион аудиториясы бар қазақстандық блогерге іздеу жарияланғаны хабарланған еді.

Ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.

Мәліметке сәйкес, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлына іздеу 10 қаңтарда тіркелген. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Қазір іс бойынша өзге ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, блогердің Instagram желісінде 2,4 миллионнан астам, ал TikTok-та 340 мыңнан аса жазылушысы бар. Ол контентін көбіне Қазақстаннан тыс жерде жүріп жариялайды. Қайсар Камза өзін тревел-блогер ретінде таныстырады, сондай-ақ қазақстандық кино жобаларға да қатысқан.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 19:35