Іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамзаның 182 мың доллар криптоактивіне тыйым салынды
Фото: Іnstagram.com/qais_arr
Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халықаралық іздеу жарияланған блогерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінді.
“Күдікті 5 жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде, “qais_arr” атауымен (2,4 миллион жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ Telegram-дағы “Қора энтертейнмэнт” жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған. Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін “Pinco” сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен”, – деп жазды Қаржылық мониторинг агенттігі.
- Алматыда PokStars және LuckyShark онлайн-казиноларының ұйымдастырушылары сотталды
- Қазақстандықтар "Тринька" онлайн құмар ойын өткізді: Ұйымдастырушылардан 93 миллион теңге, үй мен автокөлік тәркіленді
Қайсар Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған.
Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған “Pinco” интернет казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп келген. Сот санкциясымен оның 182 736,741 USDT (182 мың доллар) көлеміндегі криптоактивтеріне тыйым салынды.
Айта кетейік, бұған дейін миллион аудиториясы бар қазақстандық блогерге іздеу жарияланғаны хабарланған еді.
Ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған.
Мәліметке сәйкес, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлына іздеу 10 қаңтарда тіркелген. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Қазір іс бойынша өзге ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, блогердің Instagram желісінде 2,4 миллионнан астам, ал TikTok-та 340 мыңнан аса жазылушысы бар. Ол контентін көбіне Қазақстаннан тыс жерде жүріп жариялайды. Қайсар Камза өзін тревел-блогер ретінде таныстырады, сондай-ақ қазақстандық кино жобаларға да қатысқан.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның Үндістанға сапары кезінде түсірілген видеолары кеңінен талқыланған. Кадрларда блогердің балағат сөздер қолданғаны және жергілікті тұрғындарға агрессивті мінез көрсеткені байқалып, пікірталас тудырған.
Сонымен қатар Қайсар Камзаның аты бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында аталған. Ол кезде ведомство заңсыз онлайн құмар ойындарын жарнамалауға қатысы бар 34 блогерді анықтағанын мәлімдеген еді.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты