Allur-дың жас қызметкерлері "Еңбек Жастары" волонтерлық қозғалысын бастады

Қазақстандық Allur автокөлік компаниясында жас қызметкерлердің бастамалары нақты қолдау тауып, жүзеге асып келеді. Жастарды бизнес және әлеуметтік жобаларға тартуға бағытталған Allur Zhastary бағдарламасы аясында волонтерлық қозғалыс құру ұсынылды. Компания басшылығы бұл бастаманы қолдап, нәтижесінде жұмысшы жастарды қоғам дамуына нақты үлес қосуға біріктіретін "Еңбек Жастары" қозғалысы пайда болды.
Бұл идея біртіндеп қалыптасып отыр. Allur жас мамандары бірнеше жылдан бері өз бастамаларымен сенбілік ұйымдастырып, оқушыларға жұмысшы мамандықтар туралы айтып, жергілікті экологиялық акцияларға қатысып келген. Бүгінде бұл бастамалар жаңа деңгейге көтеріліп, "Еңбек Жастары" атты бірыңғай ауқымды платформаға біріктірілді.
Қозғалыстың іске қосылуы Қазақстанда волонтерлықтың қоғамдық институт ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл бағыт ел дамуының конституциялық логикасында да көрініс табады. Яғни азаматтардың ынтымақтастыққа, өзара көмекке және азаматтардың маңызды міндеттерді шешуге белсенді қатысуына басымдық беріледі.
Бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еңбекке құрмет, азаматтық белсенділік және әр азаматтың ел дамуына қосатын жеке үлесінің маңызы жөніндегі ұстанымдармен үндес. "Еңбек Жастары" "Таза Қазақстан" құндылықтарымен сабақтасады – таза орта, саналы азамат, нақты іс. Сонымен қатар халықаралық контекстіде де маңызға ие: Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Волонтерлық жылы деп жариялады, бұл азаматтық белсенділік пен өзара көмек мәдениетінің өзекті екенін айқындайды.
Бүгінде қозғалыс Allur және Agromash өндірістік кәсіпорындарының жұмысшы және инженерлік мамандық иелерін қоса алғанда шамамен 300 адамды біріктіріп отыр. Алдағы уақытта бұл бастама аталған құндылықтарды бөлісетін жаңа қатысушылармен толығады.
Қозғалыс аясында алғашқы бастама ретінде Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылында жаппай орман өртінен зардап шеккен аумақта ағаш егу акциясы жарияланды. Жобаны жүзеге асыру үшін "Еңбек Жастары" қатысушылары бір күндік жалақыларын бағыттайды. Осылайша қозғалыс алғашқы қадамдарынан бастап нақты әрекет форматын қалыптастырып отыр: жеке үлес – нақты іс. Бұл туралы қозғалыс мүшелері атап өтті.

"Біз сырттай бақылаушы болғымыз келмейді. Бұл – біздің өңіріміз, сондықтан оның дамуына өзіміздің қатысқанымыз маңызды. Нақты, қолымыздан келетін дүниелерден бастаймыз. Жоспар көп. Басшылықтың жұмыс уақытынан тыс бастамаларымызды қолдауға дайын екені бізге үлкен серпін берді. Енді одан да көп іс жасауға ынта пайда болды. Экологиялық жобалар, қоғамдық кеңістіктерді дамыту бойынша идеяларымыз бар. Сонымен қатар оқушылармен жұмысты жалғастырып, жұмысшы мамандықтардың құндылығын насихаттаймыз. Енді бұған көбірек баланы қамти аламыз", – деді Allur зауытының машина-контактілі дәнекерлеу учаскесінің дәнекерлеушісі Диас Беріков
"Еңбек жастары" қозғалысының Қостанайдан бастау алуы кездейсоқ емес. Бұл – елдің маңызды индустриялық орталықтарының бірі. Дәл осы жерден жаңа бағыт қалыптасып отыр: еңбек - саналы таңдау, ал қоғам игілігі үшін еңбек ету – жаңа буынның қалыпты құндылығына айналуда.
"Біз зауыт қызметкеріміз. Осында өстік, осында жұмыс істеп келеміз. Тек ресми жұмыспен шектелмей, қоғамға ортақ үлкен дүние жасағымыз келеді. Адамның табиғаты солай ғой: қолыңнан іс келсе, оны қажет жерге қолданғың келеді. Біз өзімізді "волонтер" деп шектемейміз. Ең алдымен еңбек адамымыз, бірақ еңбекті басқа қырынан да көрсетуге болады деп шештік. Ал басшылық бізді қолдады", – деді Agromash зауытының персоналды басқару және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің бас маманы Томирис Сексенбаева.

Қозғалыстың жеке бағыты ретінде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру көзделіп отыр. Бұл – оқушылармен тікелей кездесулер, өндіріс орындарындағы ашық есік күндері және заманауи зауыттардың шынайы бейнесін көрсететін медиаконтент арқылы жүзеге аспақ. "Еңбек Жастары" өкілдерінің пікірінше, еңбектің беделі ұранмен емес, нақты үлгімен қалыптасады.
"Еңбек Жастары" қозғалысы ұзақ мерзімді бастама ретінде қарастырылып отыр. Оның мақсаты – жұмысшы жастар арасында тәжірибелік қатысу мәдениетін және әлеуметтік жауапкершілікті дамыту. Қатысушылар жобаның бір реттік акция емес екенін, ол жаңа бағыттармен кеңейіп, өңір кәсіпорындары қызметкерлерінің қатысуымен әрі қарай дамитынын атап өтеді.
"Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!": Қазақстандықтар қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шықты