Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға АҚШ-тан келген блогер өзін дұрыс күтіп алмағанына шағымданды: Ал министрлік бұл блогерді шақырмағанын айтты

Фото: Желі кадрларынан скрин

Қазақстанға келген АҚШ-тық блогер желіде еліміздің Туризм министрлігі өзін шақырып, кейін мүлде қарсы алмағанын айтып шағымданды. Алайда министрлік бұл блогерді шақырмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

АҚШ-тан шыққан танымал саяхатшы-блогер Camperghini Instagram парақшасында Қазақстанға сапары туралы айтты.

"Елге ресми түрде шақырылғаныңызды елестетіңіз. Апталап, айлап жоспар құрып, бәрін келісесіз. Бірақ келген күні Туризм министрлігі сізді жай ғана “ұмытып кетеді”. Өкінішке қарай, көп сөз болды. Бірақ іске келгенде деңгей өте төмен болды", – деп жазды Camperghini.

Ал Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі блогердің Қазақстанға ресми түрде шақырылмағанын мәлімдеді.

“Ведомство шетелдік блогерлермен, туристік қауымдастықтармен және компаниялармен ақпараттық турлар аясында жұмыс істейді. Бірақ жеке адамдарды бөлек шақыру қарастырылмаған”, – деді ведомство.

Сондай-ақ "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы блогермен жеке хат алмасқанын, алайда келіссөздер нақты келісімге әкелмегенін алға тартты.

Айта кетейік, Camperghini әлемді аралау үшін Lamborghini Urus көлігін кемперге (автоүй) айналдыру мақсатында үйі мен мүлкін сатып жіберген. Қазір оның Instagram-да 800 мыңнан астам жазылушысы бар.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 14:20