Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Қаскелеңде бейтаныс ер адам өзін әкесімін деп таныстырып, кішкентай баланы күштеп ұрлап кетпек болған. Баланың "мен оны танымаймын" деген жан дауысы тұрғынға күдік тудырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғын болған оқиғаны желіде бөлісті. Айтуынша, барлығы көз алдында болған.

“Қорқынышты жағдай. Біз Қаскелеңде балмұздақ сататын дүңгіршектің жанында тұрған едік. Кенет мен шамамен 50–55 жастағы ер адамның бір баланы сүйреп бара жатқанын көрдім. Бала қалтырап, жылап, айқайлап жатты: "Көмектесіңіздер, мен оны танымаймын, мен оны бірінші рет көріп тұрмын!" деді. Ал ер адам болса, бұл оның ұлы екенін, жай ғана үйге кіргісі келмей тұрғанын айтты”, – деп баяндады ол.

Тұрғын осы жерде бірдеңенің дұрыс емес екенінен сезіктенген. Іштей қатты қорыққанымен баланың өміріне алаңдаған.

“Сол сәтте мен іштей ол ер адамның қауіпті екенін, мені ұрып жіберуі мүмкін екенін түсініп тұрдым. Бірақ егер баланы осылай алып кетуіне жол берсем, өзімді ешқашан кешірмес едім.

Сосын баланы тартып алдым. Ол мені қатты құшақтап алды, мен де оны құшақтап, ер адамға "жіберіңіз!" деп айқайладым. Ер адам мені балағаттап, айқайлай бастады. Мен де үндемей қалмадым. Сосын телефонды алып, полиция шақыратынымды айттым. Мұны естіген соң, ол баланы жіберіп, тез кетіп қалды”, – деп қосты ол.

Талғардағы адам ұрлау, зорлау, кісі өлтіру ісі: Басты күдікті 25 жылға сотталды

Талғардағы адам ұрлау, зорлау, кісі өлтіру ісі: Басты күдікті 25 жылға сотталды

Оқыңыз

Тұрғын кейін баланы жұбатып ешқайда жібермейтінін айтқан. Ал көп ұзамай оның достары артынан жүгіріп келген.

“Шамасы, олар үйден туыстарын шақырған сияқты. Мен оларға әлгі ер адамның қай жаққа кеткенін көрсеттім. Олар соның артынан жүгіріп кетті. Жалғыз өкінетінім — оның суретін түсіріп үлгермедім. Бірақ сол сәтте оған мұршам да болмады. Бала қатты қалтырап тұрды. Мен оны тыныштандыруға тырыстым. Балаларыңызды қорғаңыздар. Мұндай жағдай менің көз алдымда болады деп ешқашан ойламаппын”, – деп қорытты ол.

Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Алматы облысының полиция департаментінен пікір сұрап көрді. Ведомство жағдайдан кейін әзірге оқиғаға қатысы бар тұлғалардың жеке басын анықтап жатқанын жеткізді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 16:51