Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғардағы адам ұрлау, зорлау, кісі өлтіру ісі: Басты күдікті 25 жылға сотталды

Талғардағы адам ұрлау, зорлау, кісі өлтіру ісі:Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты жантүршігерлік қылмысқа қатысы бар үш күдіктіге үкім шығарды. Басты күдікті 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары Жандос Палманов, Гаухар Сариева және Асылбек Абдраимовтың айтуынша, істің негізгі қатысушысы 25 жылға сотталды. Ол жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейді.

Олардың деректеріне сәйкес, екі кәмелетке толмаған тағы екі күдіктіге 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

“Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын жартылай қанағаттандырды. Негізгі айыпталушы қайтыс болған адамның анасы, әйелі және әпкесі үшін әрқайсына 10 миллион теңгеден, барлығы 30 миллион теңге беруге міндетті. Кәмелетке толмаған екі күдікті үш жәбірленушінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден, яғни әрқайсысынан 15 миллион теңге беруге міндетті”, – деді адвокат Асылбек Абдраимов.

Бұған дейін прокурор басты күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. 

Істі мән-жайы

2025 жылғы 6 қыркүйекте ер адам достарымен бірге әйелдің үйіне келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, қызын алып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Оның артында үш баласы мен жүкті жары қалды. Қыз бала кепілде ұсталған. Қуғын кезінде күдікті көлікпен бірге жардан құлаған. Бала жарақат алып, кейін ота жасалды. Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы зорлау күдігімен ұсталып, кейін босатылған, ал артынан кісі өлтіру мен адам ұрлауға барған азаматты босатқан Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, сотқа төрт полиция қызметкерінің ісі жеткен. Онда екі учаскелік инспектор (салғырттық және қызметтік жалғандық бойынша), ал екі тергеуші (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша) айыпталып жатыр. 

Іс бойынша кімдер күдікке ілінді?

Аталған іс бойынша үш адам күдікті ретінде өтіп жатыр. Негізгі фигурант азамат Е бірден 12 бап бойынша айыпталып отыр:

  • 99-бап 2-бөлік 7-тармақ – адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру
  • 125-бап 3-бөлік 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды тарта отырып адам ұрлау
  • 120-бап 1-бөлік – зорлау
  • 121-бап 1-бөлік – күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы әрекеттер
  • 190-бап 3-бөлік 4-тармақ – адамдар тобы болып жасалған алаяқтық
  • 147-бап 5-бөлік – жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу (оның ішінде интернет-платформаларда дербес деректерді заңсыз тарату)
  • 149-бап 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру
  • 115-бап – кісі өлтіремін деп қорқыту
  • 287-бап 3-бөлік – қаруды заңсыз жасау
  • 288-бап 1-бөлік – қаруды заңсыз сақтау
  • 200-бап 1-бөлік – автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену
  • 132-бап 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту

Ал кәмелетке толмаған А және К екі эпизод бойынша айыпталуда: адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру және кәмелетке толмағанның қатысуымен жасалған адам ұрлау ісі. Белгілі болғандай, бұл оқиға қайғылы шарықтау шегіне дейін бір ай бұрын басталған. Ұрланған қыздың анасы бір ай бұрын зорлау фактісі бойынша полицияға арыз берген. Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, сол кезде күдіктіге қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Қыркүйек айының басында отбасы күдіктіні өздері тауып, полицияға жеткізген, алайда ол қайтадан босатылған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 14:41