Үстіне зәр төгілген полицейдің екіқабат әйелі жұрттың демеуіне зәру
Үстіне зәр шашылған полицейдің әйелі екі баласын әкесіз қалай асырарын білмейді. Ол сол себепті әділеттілік іздеп, ашық хат жазған. Мөлдір Байсалова өзінің 23 жастағы күйеуі полицей Төлеген Игібеков істеген ісі үшін тым артық жаза алды деп есептейді. Полицей қызмет барысында өзіне зәрін шашып жіберген көлік жүргізушісін шапалақпен тартып жібергені үшін бес жылға сотталған еді.
Бұл туралы nv.kz хабарлайды.
“Қоғамдық белсенділерге және БАҚ өкілдеріне ашық хат жазу арқылы әділдік іздеп, Жезқазған ішкі істер полиция басқармасы жол-патрулдік полициясының қызметкері, кіші сержант күйеуімді босатуды сұраймын. Күйеуімді өзіне зәрін төгіп жіберген көлік жүргізушісі Қайрат Елубаевты шапалақпен тартып жібергені үшін бес жылға бас бостандығынан айырып отыр. Осындай қитұрқы әрекеті арқылы мас күйінде көлік айдаған жүргізуші жол-патрулдік полиция қызметкерін кінәлі етіп отыр”, – дейді келіншек.
Жанайқайын жеткізуге тырысқан келіншек, күйеуіне қатысты сот шешімі тым өрескел қатаң әрі негізсіз деп есептейді.
“20 сәуір күні Жезқазған қалалық сотының судьясы Гүлсара Байгенжинова жолдасымды ҚР ҚК 362 бабы бойынша айыпты деп тауып 5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл аталған бап бойынша тым қатаң жаза. Ең төменгі жаза – айыппұл. Мен екі жастағы баламен жалғыз қалдым әрі өзім тоғыз айлық мерзімде екіқабатпын” – деп жазады полицейдің жары.
Сондай-ақ, ол күйеуінің үстіне зәрін шашқан көлік жүргізушісінің де лайықты жазаға тартылмағанын, айыпты бола тұра жазадан аттап кеткенін айтып ашынған.
“Көлік жүргізуші Елубаев мас күйінде көлік айдағаны үшін бар болғаны бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды” – деп жазды хат барысында.
Еске сала кетсек, Жезқазғанда 23 жастағы Төлеген Игібековты “қызмет бабын асыра пайдаланғаны” үшін соттаған болатын. Оқиға наркологиялық диспансерде болған. Бұрын полиция қатарында қызмет еткен көлік жүргізуші диспансерде шу шығарып полициямен ерегіскен. Ақыры, анализ тапсыру процесі кезінде кіші дәретін тәртіп сақшысының үстіне шашқан. Бұл әрекетке ашуланған полицей оны шапалақпен тартып жібереді.
Төлеген Игібековтың адвокаты Төлеубай Мусин қайта шағым түсірмек. Ол сержант аса қатаң жазаның құрбаны болып отыр деп санайды. Мусин парламентке де хат дайындап жатыр.