Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазира Байырбекованың анасы: Жазира бірде ағасының басын темірмен ұрып, жарып қойған (фото)

Жазира Байырбекованың елге біршама танымал Ербол, Ләззат, Назира есімді бауырлары бар. Өнерлі  ұл-қыздарды дүниеге әкелген анасы Бақытжан – батыр ана. Тоғыз баланы өсіріп, оқытып, құтты ұяларына қондырған үлгілі ана. Биыл жасы 67-де.

бай1

Алайда, әже деуге келмейді, ширақ, қыз күніндегі кербез қалпын сақтап қалған. Бүгінде Шымкентте, үлкен ұлы, сазгер Ербол Байырбековтың қолында тұрады. Stan.kz сайтының оңтүстіктегі тілшісі Байырбековтер отбасының қара шаңырағында қонақта болып, Жазираның отбасымен жақынырақ танысып қайтты.

бай5

Ербол Байырбековтың шаңырағы.

Тілші: Бақытжан апа, өнерлі ұл-қыздың ата-анасы жайлы халықтың білгісі келетініне күмәнім жоқ. Өздеріңіз жайлы тоқтала кетсеңіз.

Бақытжан ана: Мен Алматы қаласының қызымын. ЖенПИ-де музыкалық білім алдым. Ән айтып жүріп, балаларымның әкесі Сәкеңимен таныстым. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Мен әнші болсам, ол әзілкеш. Кез келген ортада жұртты аузына қаратып отыратын. Біз танысқанда, қарапайым шопыр болып істеді. Ыстық сезіммен 19 жасымызда отау құрдық. Қаланың қызы болсам да, Сәкеңе деген сүйіспеншіліктің арқасында ауылға тұруға бел будым. Оңтүстікте «Пахташы» деген ауылда тұрдық. Жүрмеген жерім болмады. Күн көріс қамымен бірнеше жұмыс орнын ауыстырдым.. Кейіннен Астанада президент сарайында гардеробшица болдым, 7 мектепте, Арыста балалар үйінде жұмыс істедім.

Тілші: Қаланың қызы ауылға келін болып түсіп, қандай қиындықтардан өтті?

Бақытжан ана: Ерке едім. Үй шаруасында тірлігім шала болды. Алайда, енем, женгелерім үйретті. Қамыр жаятын кезде женгем қаламмен шеңбер сызып кететін. (күліп) Әйтеуір, ұрыспай, солай бәріне үйрендік қой.

Тілші: Қанша бала-шағаңыз бар? Қандай мамандық иелері?

Бақытжан ана: Екі ұл, жеті қызым бар. Аралары екі жас, тек Ләззат пен Жазираның арасы бір жас. Тұңғышымыз – Ботагөз, ол – тігінші, Сарыағашта тұрады. Екіншісі – Сәбира. Сосын Ербол, Ләззат, Жазира, Назира. Назира журналист, бірақ даусы керемет. Үш-төрт кітап жазды. Келесісі – Аққал. Ол Астанада. Ешқайсысы қарап жүрмейді. Ән айтады. Кенжесі – Серік, ол да Астанада. Балаларымның бәрі әкесі екеуміздің жолымызды қуды. Қандай кәсіпті таңдаса да, бәрінің даусы бар, әнді қатар алып жүреді.

Тілші: Әдетте, ата-аналар балаларының өнер жолын таңдауына қарсы болып жататыны жасырын емес. Сіздерде қалай болды?

Бақытжн ана: Бізде еш қарсылық болған жоқ. Керісінше, қуанып, қолдайтынбыз.

Тілші: Көп баланы жеткізу оңай емес. Сіздерде қандай қиындықтар болды?

Бақытжан ана: Маған қиын болды деп айта алмаймын. Себебі енем көмектесті, әкесі де қарасатын, өздері де өзара бір-біріне қолғабыс болып, ұйымшыл болып өсті.

бай4

Ербол Байырбеков қызымен.

Тілші: Ербол аға, балалық шақтарыңыздан есте қалған қандай естеліктер бар? Кім қандай болды?

Ербол: Ләззат екеуміз бір-бірімізге жақын болдық. Ләззатты екі жасында апамның қолына берген. Мен соны қызғанып, арқама салып алып, апамның үйінен алып қашатынмын.(күліп) Ал Жазира тұйық болды. Ол әкемнің «жеке меншік» қызы еді. Сондықтан ба, мінезі сәби кезінен ауыр болған.

бай6

Ербол Байырбековтің балалары.

Әлі күнге дейін бар сол мінезі. Балалағымызда үйде қолмен бұрап ауыстыратын теледидар болатын. Бар-жоғы – екі арна. Ләззат екеуміз соған таласамыз. Мен бір мультфильм көргім келсе, ол екіншісіе қой деп тұрып алатын. Сүйтіп бір күні таласып тұрғанда, Жазира өз алдына жатқан. Ләззатты итеріп жіберіп, өзімнің мультфилмімді көріп жатқам. Бір уақта басыма ауыр зат келіп тиді. Сөйтсем, атауызбен ұрған Жазира екен. Басым бірден қанады. Соны көрсе де, Жазира шімірікпестен, жатқан орнында жата берді. «Ұрады, анам ұрсады» деп тұрған ол жоқ. Басқа арнаға ауыстырып, мультфильм көріп жатыр. Сондай ер кісі болмай қалған жүректігі бар.

Тілші: Жазира «үйдегілерге айтпай, 18 жасымда тұрмысқа шығып кеттім» деді. Ашуландыңыздар ма?

Бақытжан ана: Енді ашуланасың ғой. дегенмен, қимайсың. Ол кезде қыздардың бәрі тұрмыста, Жазира ғана қалған еді. Алайда, бұйрық болған соң, аса ұрысқан жоқпын.

Ербол: Ол былай болды. Жанболаттың енді оқу бітіріп жатқан кезі. Ол менің курстасым, мен Лаки Кисоның қолында оқысам, ол Зейнеп Қойшыбаевада оқыды. Жазира да Зейнеп Қойшыбаевада оқыды. Екеуі солай танысқан ғой. Екеуі қашып кетерде, пойызға мініп кеткен. Сол пойыздың жанында отырған сатушыға маған хат қалдырып кетіпті. Хатта «Кешірші, мен тұрмысқа шығып кетіп барамын» деп жазылған. Біртүрлі болдым, шыны керек. Сосын әкеме көрсеттім. Ол кісі біраз ашуланды.

Тілші: Жазира «Ұят емес» бағдарламасында тұрмыстың тапшылығын көргенін айтты. Малдың артына салып қояйын деген кез де болды деді. Сол кездер естеріңізде ме? Оларға қолдау көрсеттіңіздер ме?

Анасы: Шаманың келгенінше, қолдау көрсетуге тырыстық. Алайда, олар өздері де ұмтылып тұрды. Екеуі алдымен ауылда тұрды, соңынан Алматыға барды. Қолдарындағы бір сөмкелерінен басқа ештеңелері болмай…

Ербол: Сол кезде оларға көп көмектескен әпкеміз Сәбира болды. Ол Алматыда екі бөлмелі пәтерде тұрып, базарда сауда жасайтын. Пәтерінің бір бөлмесін бөліп беріп, дайын сауда нүктесін соларға табыстап: «Осы жерден нандарыңды тауып, жағдайларың оңалған соң, басқа жұмыс табарсыңдар» деді. Сол жерден сауда жасап жүріп, бір-екі ай көлемінде аппаратураларын сатып алды. Жанболат таң атысымен көтерме базардан көкөніс тасиды, Жазира оны сатады. Жанболат қосымша, «Сайрам» вокзалында жүк тиеуші болды. Күндіз базарда, кешкісін базарға жақын жердегі кафеде ән айтады. Екеуі 24 сағат еңбектенді деуге болады. Солай біртіндеп елге таныла бастады.

Тілші: Ол кездері балалары болмады ғой?

Ербол: Балалары болды. Бірақ оны кішкентайынан әке-шешемізге тастап кетіп, бұл кісілер оны 9 айына дейін бағып берді. Әкем өз баласындай қарады. Әке-шешесі келгенде, оларды жатырқап… Алып кететін кезде, пойыздан әкеме қолын созып жылапты. Содан әкем үйге ебіл-дебілі шығып жылап келген.

бай7

Анасы: Иә, өте балажан кісі еді. Кейінгі үйге қайтып келгенінде, Сәкең оны шақырса, немерем тани қоймады. Сол кезде ол кісінің қатты жүрегі ауырып, көзінен жас шыққаны тағы бар.

Ербол: Әкем балажандығымен қоса, салауатты өмір салтын ұстанатын, таза жүретін кісі еді. Жас кезінде мәдениет бөлімінде жұмыс істеп жүрді. Бәріміз сол кісінің жанында еріп жүріп, өнерді бойымызға сіңіріп өстік. Бірақ әкем Жазираны көбірек сүйрейтін. Біз көбіне өз бетімізбен жүрдік.

Тілші: Неге деп ойлайсыз?

Ербол: Себебі Жазираның даусы ерекше еді. Ол әнді тәтті қылып айтуға тырысатын. Үлкен сахнаға алғаш шыққаны – 1986 жылғы «Тамаша» театрының концерті еді. Бар-жоғы 7-8 жасында домбыраны күмбірлетіп, көзін жұмып тұрып, әнді нақышына келтіріп орындады.

бай8

Ербол Байырбековтің қызы.

Анасы: Ләззатым да домбыра тартатын. Университетте оқып жүргенде, айтысқа қатысты. Кейін әнге көшіп кетті.

Тілші: Ербол, сіз Жазира мен Жанболаттың орындауындағы хит әндердің бірі «Сен маған сүюді үйреттің» әнінің авторысыз. Алайда, өнерлі ортаны айтпағанда, ел сізді жақсы тани бермейді. Жалпы, өнерде жүргеніңізге қанша уақыт болды?

Ербол: 16 жасымда цирк колледжінде Сәкен Майғазиевтермен бірге вокалда оқығанмын. Оқуға өз күшімен түсіп, бірақ төрт айдан соң тастап кеттім. Себебі тұрмысы қарапайым отбасынан шыққандықтан, үйдегілерге жәрдем беру керек болды. Оның үстіне, соңымнан Жазира, Ләззаттар да ән айтып өсіп келе жатыр. Солар әнші бола берсін дедім. Лаки Кисо деген мұғалімім мені қабылдап алған мұғалімім үйге адам жіберіп, мені «қайдан болса да, тауып келіңдер» депті. Мен оралудан, бас тарттым. Сосын саудамен айналыстым. Ән айтуды ысырып қойсам да, ән жазып жүрдім. Әндерімді қарындастарымның орындап жүргендерінің өзі мен үшін қуаныш болды.

Тілші: Ал әнге қашан оралдыңыз?

Ербол: Көп уақыт бола қойған жоқ, енді ғана 1,5 жыл болды.

Тілші: Жазира мен Ләззат халыққа жақсы танымал əншілер. Сізге қолдау көрсетеді ме?

Ербол: Иə, қолдарынан келгенше, қолдайды. Күйеу балдарым да құрметін білдіреді. Алғашқы кешімде Жанболат гитара сыйға тартты. Мен де оларға Əн жазып беріп тұрам.

Тілші: Оларға əнді тегін жазып беретін шығарсыз?

Ербол: Оларға ғана емес, жалпы, кімге жазып берсем де, пәлен деп ақысын сұрамаймын. Əдемі, дәмді дүние шықса болды.

Тілші: Ербол ағаның Арыстағы концертінде Жазира «жұмысым көп, концертке келе алмайтын едім. Анам хабарласып, ұрысқан соң, келдік» деді. Не деп ұрыстыңыз?

Анасы: Иә, ұрыстым. Ұлымның алғашқы концерті. «Бауырлықтарыңды суытпай, келіңдер» дедім. Маған бұлардың ұйымшыл, ынтымақшыл болғаны керек.

Тілші: Шолпан жеңге, он жылдан бері осы үйдің бір қызына айналып үлгердіңіз. Естеліктермен бөлісе отырыңыз.

бай2

Ербол Байырбековтің келіншегі.

Ербол: Біздің үйде тек мен сөйлеймін, жұбайым жай сөзіме қосылады. Тәртіп солай.

Тілші: Жан-жақтан осы үйдің қыздары қаумалап, ісіңізді бақылап тұрмай ма?

Ербол: Алғашқы кезде ондай болды. Кейіннен басылды. Себебі менің өзімнің қатал екенімді, тәрбиелеп алатынымды олар біледі. Бір жағынан, сынақтардан өтіп, өзін көрсете білді. Айтқанды бұлжытпай орындайды.

Тілші: Əдемі, шынайы əңгіме болды. Жайылған дастархан үшін көп рақмет!

Бақытжан ана: Сіздерге рақмет, Байырбековтердің анасы деп, құрметтеп келіп отырсыздар. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Оқи отырыңыз:

Жан Ахмадиев: “Темір қатын” туындысын шоу-бизнестегі тәрбиесіз әйелдерге арнаймын

Жұлдызай Дүйсенбиева: Жүкті кезімде әкемнің көзіне көрінбедім

Асхат Тарғын: Үйленбес бұрын қызымнан рұқсат сұрадым

Ақбота: Қыруар қаржыны тойыма шашқанша, балаларыма жұмсаймын

Кентал: Туған күнімді тойлағым келмейді. Ол ажалды жақындастырады (фото)

Талқылау