Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапон жігіті қазақ домбырасын насихаттап жүр

Такахаши Наоки есімді жапон өнерпазы домбыра, қылқобыз және сыбызғыны мінсіз меңгеріп алған. Такахаши Наоки – Фукуи префектурасының тұрғыны. Ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда жас маманның бар ынта-ықыласы тілге емес, қазақтың ұлттық аспаптарына ауған сияқты. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

домбыра насихат
Ұлы дала елінің әндері мен күйлерін насихаттау жапон жігітінің биік мақсатына да айналған.
«Қазақстан – өте көркем, таңғажайып ел. Мен онда жиі бара алмасам да, сол жақта үйренген сүйікті ісімді өмір бойы жалғастыратын боламын»,-дейді күйші Такахаши Наоки

Такахашидің қазақ әуендеріне деген сүйіспеншілігі 13 жыл бұрын күтпеген жерден оянған. Кездейсоқ қолына түскен дисктен домбыраның үнін естіген ол мұның нендей аспап екендігін білуге құмартады. Көп ұзамай ынтызар болған домбырасы қолына түседі. Сол сәттен бастап өнерлі жігіт күй тартуды өздігінен үйрене бастаған. Киелі аспаптың құдіреті кейін оны Қазақстанға да жетелеп алып келді.

Білікті ұстаздармен танысып, өзі өнерпаздармен араласқаннан кейін, Такахаши «қазақтың мәдениетіне тіптен құмарттым», – дейді. Оның таңдаған жары да қазақ қызы. Инара Серікбаева – Астананың мемлекеттік филармониясында қызмет еткен кәсіби музыкант. Ал қазір өнердегі, өмірдегі серігімен бірге Жапония сахналарында өнер көрсетіп жүр.

«Күйеуім екеуіміз дуэт құрдық, отбасылық және музыкалық дуэт. Жапондықтар қазақ әндері мен мәдениетіне қатты қызығады, ал халық әндерін тыңдағанда тіптен қуанады. Содан кейін олар Қазақстан туралы білгілері кеп, оның қай жерде, халқы қандай екенін сұрай бастайды. Біз бәрін айтып беруге тырысамыз»,-дейді Такахаши Наокидің жұбайы Ирина Серікбаева.

Такахаши мен Инараның өнерлі жұбы жылына 5-6 концертке қатысып тұрады. «Барған сайын қазақ өнеріне тамсанушылар саны артып келеді», – дейді олар. Тыңдармандар арасында Қазақстанда талай мәрте болып, тіпті қазақ тілін меңгерген студенттер де бар екен. Ең таңқаларлығы, бүгінгідей шығармашылық кештер нақ осы жапондықтардың бастамасымен ұйымдастырылып келеді екен.


Талқылау