Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қар көшкінінің астында қалған сарбаздардың өліміне жалғыз майор сотта жауап беруде

Шымкентте қар көшкінінің астында қалып, қаза тапқан сарбаздардың ісіне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы орындығында жалғыз әскери қызметкер отыр, деп хабарлайды КТК.

2-450x270-1

Тергеу материалы бойынша, 91 678 әскери бөлімінің штаб бастығы, майор Бақыт Шойбеков ауа райының бұзылуына қарамастан сарбаздарды Жамбыл облысындағы Көксай шатқалындағы оқу-жаттығуға жөнелткен. Дегенмен, істі болып жатқан әсеридің өзі де, марқұмдардың туыстары да оның кінәсіз екеніне сенімді.

Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған Көксай шатқалындағы қайғылы оқиғаға қатысты сот Шымкенттегі әскери гарнизонда басталды. Айыпталушы – майор Бақыт Шойбеков. Айыптау актісін 45 минут оқыған әскери прокурор оқу-жаттығуға жауапты офицер ауа райының қолайсыздығына қарамастан сарбаздарды қауіпті аймаққа жөнелте салған деп отыр. Салдарынан жауынгерлер қарға көміліп, қаза тапты.

“Майор Шойбеков сарбаздарды оқу-жаттығу алаңына жібермес бұрын жеке құрамның қауіпсіздігіне көз жеткізбеген. Ауа райының қолайсыз екені туралы хабарлама да алған. Тіпті, Көксай шатқалына кестеден бір күн бұрын шығып кеткені анықталды”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Ермек Жаңатаев.

Бақыт Шойбековтің өзі жауаптан жалтарған жоқ. 32 жастағы майордың айтуынша сол күні әскери бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы ретінде қалған ол бөлімде болып жатқан барлық жағдайды уысында ұстап тұра алмапты. Алайда ауа райын елеусіз қалдырған жоқпын деп отыр.

“Бір күн бұрын дауылды ескерту берілгенін ескеріп, таудағы жаттығуды доғару туралы тапсырма берген едім. Бірақ қайғылы оқиға болар күні таңертең бір топ сарбаз жүк көлігімен жаттығуға шығып кеткен екен. Мен оны білген жоқпын. Сондықтан қол астымдағы сарбаздардың өмірін сақтай алмағаным үшін қатты өкінемін”, – дейді айыпталушы Бақыт Шойбеков.

Жамбыл облысындағы Көксай шатқалына оқу-жаттығуға барған бір топ сарбаз 17 ақпан күні қар көшкінінің астында қалып қойған болатын. Құтқарушылар 16 жауынгерді қар астынан аман аршып алғанымен, 7 сарбаз сол жерде жан тапсырды. Қаза тапқандардың үлкені 28-де, кішісі 21 жаста.

«Қызметіне салғырт қарағаны» үшін істі болып жатқан Бақыт Шойбековті қаза тапқан сарбаздардың жақындары кінәлап отырған жоқ. Қайта майор да зардап шекті деген олар, жеті жауынгердің өліміне жол бергендердің нақ өздері жазасыз қалды деп санайды. Ал Шойбековтің өзі кәрі шешесі, екі баласы мен дімкәс қарындасы бар екенін алға тартып, соттан жазасын жеңілдетуді сұрап отыр.

Тағы да оқыңыз:

Оралда уағызынан соң жігіттер бірден Сирияға аттанатын «Халил шейх» сотталды

Астанада қаршадай қызды зорламақ болған педофил 15 жылға сотталды

Мамандар 35 мың тонна қарбыздан құрт табылғанын растады

Талқылау