Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұршықты теріс иіру, суға дәрет сындыру, омырауын сауу": Желіде су тасқынына қарсы ырым-жоралғылар жасаған қазақстандықтардың видеолары тарады

Біршама облыста су тасқыны болғаннан кейін желіде суды қайтаратын бірнеше ырым-жоралғылар туралы видеолар тарады. Бірі су атасы Сүлейменнен кешірім сұраса, басқалары ұршықты теріс иірген, ал бірі келіншектер суға сүтін сауу керек дейді. Stan.kz тілшісі желіде танымал болып кеткен ырымдардың тізімін жасап, этнограф Бұлбұл Кәпқызынан аталмыш жоралғылардың қаншалықты дұрыс екенін сұрап көрді.

Видеодан скриншот

Желіде тараған видеода оралдық әже Жайықтың жағасына келіп, ұршықты теріс иіреді.

“Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр. Иіріміңді халыққа емес, кең жазық далаға бұр. Аллахым, халқыма тыныштық бер”, – деп тілек етеді әже.

 

Содан соң әжей суға ақ орамалын жайып, судың кері қайтуын тілейді.

“Су кері кетсін деп ақ жаулығымды жауып жатырмын. Иіріміңді кері әкет, халқыма тыныштық бер”, – деп бата оқыды ол.

Желі қолданушылары әженің тілегі қабыл болсын деп тілеп, орамал көп мәселені шешетінін жарыса жазды. 

“Ананың орамалы тығырыққа тірелгенде ғана шешілген. Ертеде ақ жаулықты басынан алғанда соғысты да тоқтатқан”, “Апамыздың тілегі мен батасы қабыл болсын”, – деп жазды желідегілер.

Тағы бір жазбада әйел аудиожазба арқылы су тасқынын сейілту үшін бала емізетін әйелдер сүтін суға саусын деп кеңес береді. Өйткені табиғат ана сүтінен дариды дейді.

“Жердің бәрін су басып жатыр. Қазақта ырым бар, бала емізіп отырған әйелдер жеті мәрте суға сүтін сауып, “Аллаһым, топан суды тоқтата көр, ел-жұртым, халқым, бала-шағам аман болсын” деп дауыстау керек. Омырауын суға ашып, саусын. Жаугершілік заманда да жауға қарап солай істегенде жау тоқтаған, жер сілкінгенде сүтін жерге сауған. Жер бетінің бәрі ана сүтімен қоректенген ғой, сондықтан емізулі әйелдер соны жасасын.”, – дейді ол.

@isokoshh #атырау #құлсары #су ♬ оригинальный звук - Исакош😀

Ал құлсарылық әже суға қарап дәрет сындырғанда ол қайтады деген сенімде. 

“Үш-төрт долы әйел суға қарсы тұрып дәрет сындырсын. Қатарынан бірнеше әйел суға қарсы дәрет сындырғанда су райынан қайтады деген ырым бар. Сол ырымды істеп көрсін”, – деді ол.

Желі қолданушыларының бірі мұндай видеоларды сынға алып, мұны “Аллаға серік қосу, өтірік нәрсе” десе, кейбірі расымен орындалатын жоралғы екенін, қазақтар баяғыдан солай жасайтынын айтып, өздері білетін ырымдарды да атады. Олардың айтуынша, бие сүтін суға құйған және суға қаһарыңды көрсететін жоралғылар да жасалады дейді.

“Бұрын атам қазақ ақ құйып, яғни бие сүтін құйып, топан суды тоқтататын ырым жасаған”, “Тасаттық жасап, пітір садақасын беріңдер. Тасқынның алдына қазық қағып, мал сойып, “тоқта тасқын, беретініңді бердік” деп айқайлау керек. Қаһарланып, суға сұсыңды көрсет деуші еді үлкендер. Соны да жасап көрсек”, “Бала кезімде сел болған кезде әжем бір ырымды жасатқан. Үйдің тұңғышы аспанға тоңқайып қарап, айқайлайды. Анасының атын атап, “осының тұңғышымын, қазанының қырғышымын” дейді. Сол кезде сел қайтып, жаңбыр қоятын еді” деп бөлісті желідегілер.

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы мұның барлығын қиын-қыстау кезеңде халықтың шарасыздықтан істеген тірлігіне балады.

“Суға кеткен таңғармайды. Суға ағып кеткен талдың өзі ағып кетпей, шыққанды ойлайды. Сол сияқты ойына келген айла-шарасын қолданып жатыр. Оларға теріс пікір айта алмаймыз. Өйткені мынандай ауыр кезеңде әр адам өзінің үнін қосып, мәселенің шешілуіне үлесін қосқысы келеді”, – деді этнограф.

Десе де ол жоғарыда аталған ырымдардың бұрын-соңды болғанына сенімді емес. Айтуынша, 100-ге келген аналардың өзі бұрын олай жасамаған, аталған ырымдар оған таңсық. Маман “суға қарап дәрет сындыру керек” деген пікірді сынға алып, мұның тіпті орынсыз екенін айтты.

“Суға ешқашан дәрет сындыруға болмайды. Тіпті суға қарап отыруға болмайды. Бала кезімізде есік алдында бұлақ ағып жататын. Сонда “бұлаққа, кішкентай арыққа қарап отырма” деп айтатын. Дәретті түзге барып сындыр дейтін, әжетхана жонда салынатын, “бойымызды түзеп келейік” деген сөз содан шыққан. Әжетхана аузы суға қарамайды, су жоқ жаққа салады. Сондықтан мен ол нәрсемен келісе алмаймын. Ал ұршықты теріс иіру, орамал жаю сияқты әрекеттен аса оғаштық көріп тұрған жоқпын”, – деді Бұлбұл Кәпқызы.

Айта кетсек, еліміздің 8 өңірінде су тасқынының беті қайтар емес. Тасқын салдарынан қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар саны 100 мыңнан асты. 

Талқылау