Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш қап ақша: Сомали қарақшылары MV Abdullah кемесі үшін 5 миллион доллар қаражат алған

Сомали қарақшылары 5 миллион доллар төлем алғаннан кейін MV Abdullah кемесі мен 23 экипаж мүшесін босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: warriors

Бангладеш туы ілінген жүк кемесі бір ай бұрын Мозамбиктен біріккен араб әмірліктеріне көмір тасымалдап жатқан кезде Сомали жағалауында басып алынған.

"Біз ақшаның шынайылығын тексеріп, бөлісіп, кетіп қалдық", – деп келтіреді Reuters қарақшылардың бірі Әбдірашид Юсуфтың сөзін.

AFP агенттігі MV Abdullah капитаны Мұхаммед Абдур Рашидтің әйеліне сілтеме жасап, ақшаның үш қапқа салынғанын, содан кейін 65 қарақшының тоғыз қайықпен кемені тастап кеткенін жазды.

MV Abdullah иесі KSRM Group кеме мен экипаждың келіссөздерден кейін босатылғанын айтты.

"Біз қарақшылармен мәміле жасадық", – деді компания өкілі Мизанул Ислам агенттікке төлем сомасы туралы айтудан бас тартып.

Оның айтуынша, барлық экипаж мүшелері қауіпсіз.

Азат етілгеннен кейін кеме екі әскери кеменің сүйемелдеуімен біріккен араб әмірліктеріне жол тартты.

Соңғы айларда Сомали жағалауында кемелерді басып алу оқиғалары жиілеп кетті. Өткен жылдың қараша айының соңынан бері осыған ұқсас 10-нан астам жағдай тіркелген.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, 2005-2012 жылдар аралығында сомали қарақшылары кемелерді басып алудан 339 миллионнан 413 миллион долларға дейін табыс тапқан.

Талқылау