Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздағы көпқабатты үй тұрғындары пәтерінде су кешіп жүр

Әрине, жаңбыр жауған күні солай болады. Яғни ғимараттың төбе жабындысы тозғандықтан, жауын суы пәтерлерге шелектеп құйылады екен. Соның кесірінен бөлмелердегі тұсқағаздар түсіп, қабырғалары көгеріп кеткен. Сыз тартқан баспанада тұрып әбден қажыған ел биліктен үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мұндай көрініс тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналған. Төбеден аққан су үйге тамшылап емес, шелектеп құйылып жатыр. Бөлменің іші сарқырамаға көбірек ұқсайды. Рахметәлі Нұрымбетов екі жылдан бері жауын суымен алысып жүр. Қазір пәтердің іші адам шошырлық күйде. Тұсқағаздары түсіп, қабырғалары көгеріп, төбесі де опырылып құлаған.

Рахметәлінің айтуынша, қазір бұл баспанада тұру мүмкін емес. Дүние-мүліктері де түкке жарамсыз. Шаш етектен шығынға баттым деген ол үйін тастап екі баласы және әйелімен пәтер жалдап кеткен. Осы үйдің тағы бір тұрғыны Тоқан Әбиеваның да жағдайы қиын. Оның ас бөлмесі жатын орны түгел малмандай су. Барар жері жоқ, не пәтер жалдап тұруға мұршасы келмеген зейнеткер жолдасымен көлкіген су басқан үйді пана етуге мәжбүр.

Мұндағы өзекті мәселе ғамараттың төбе жабындысының ескіруінен туындаған. Яғни, шұрық-тесік шатырға тиген су тоқтаусыз төмен қарай ағады екен. Тұрғындар өздігінен жыртығын жамап көрген. Мәселен бір емес, бірнеше мәрте мына секілді қаңылтырмен шатырды жапқан. Бірақ, нәтижесіз. Жауын суы сол күйі пәтерлерді ылаңдап жатыр.

44 жыл бұрын тұрғызылған нысанның тозығы жеткені көрініп-ақ тұр. Осы күнге дейін нысанға бірде бір жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Енді жауын суынан қабырғалары опырылып, кірпіштері түсіп жатыр. Тіпті, мұнда қайғылы жағдай да бола жаздаған.

«Бір көршіміз ерте жұмысқа шығып бара жатқан. Сол сәтте төбеден кірпіш құлап, басына түсе жаздады.  Өліп кетуі мүмкін еді ғой. Ал осы жерде немерелеріміз көп ойнап жүреді. Қатты қорқамыз», – дейді тұрғындардың бірі Любовь Шакирова.

Жұрттың айтуынша, судың кесірінен қабырғасы мен едені сыз тартқан үйде ауру-сырқаулар көбейген. Аурухана жағалап зәрезап болған ел, атқамінерлерден талай мәрте жөндеу жүргізілуін сұрапты. Бірақ сол күйі жауап болмаған. Ал бүгін шу шығарған тұрғындарға шенеуніктер жуырда шаруаның шешілетінін айтты. Тек ол үшін қазынадан қаржы бөлінуі тиіс.

«Мердігер белгіленген. Қазіргі уақытта ПИК бар «Путь» деген. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда, шатырына барлық басқа жұмыстарына ортақ мүліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», – дейді Тараз қалалық тұрғынүй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрланбай Серікбаев.

Бірақ сол қаражаттың қашан болары әзірге белгісіз. Ал қылышын сүйретіп қыс келетінін ескерсек, тұрғындардың жайын ойлаудың өзі қорқынышты. Қазір су басқан пәтердің қыста мұзға айналытынын білген ел үйлерін тастап жаппай көшіп жатыр.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақ жерінде тағы бір полигон ашылады

Алматы облысында өз жерлерін игере алмай отырған шаруалар шу шығарды

Жанармай нарығындағы дау ушығып барады

Немересін бауыздап өлтірген нағашы атасы мастықпен шошқа сойып жатырмын деп ойлаған

Талқылау