Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік шенеунік велосипедпен тоғыз күн жүріп Астанаға жетті

ОҚО мемлекеттік кірістер департаментіндегі экономикалық зерттеулер қызметінің офицері Сәбит Мұстафаев тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне велошеру жасады. Осы үшін ол арнайы демалыс алған.

2

Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай өзінің Фейсбуктағы парақшасында жариялады. 19 қазан күні қар басқан Астанаға велосипедімен жеткен Мұстафаев 1430 шақырымды жүріп өткен.

“Ол Шымкенттен 10 қазан күні 15:30-да шықты. Ал Астанаға 19 қазан күні түнге таяу жетіп отыр. Соңғы күндері ол жаңбыр, қар, дауылға кез болған. Бірақ, соған қарамастан жоспарланған қашықтықты бағындырды”, – деді Мұрат Жұманбай.

_2

Оның сөзінше, Сәбит Мұстафаев бұл спорттық сынаққа ұзақ дайындалған, тіпті арнайы демалыс та алыпты. Велосипедке сонау мектеп кезінен үйір екен. Жақында ғана “Урал” маркалы великпен 180 шақырымға созылған “Шымкент-Түркістан” марафонын ұтып алған.

“Тәуелсіз, бейбіт елде тұрып жатқаным үшін бақыттымын. Сүйікті спортыммен де айналыса аламын. Осының бәрі елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы”, – дейді Сәбиттің өзі.

Талқылау