Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда жол бойында жүрген аюдың видеосы тарады

WhatsApp мессенджері арқылы «Өскемен-Самар» тасжолында аю жүргені туралы видео тарап жатыр. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Ол туралы Қазақпарат хабарлайды.

Шығыс Қазақстанда жол бойында жүрген аюдың видеосы тарады

Видеода қоңыр аюдың көліктердің алдына түсіп алып, асықпай аяңдап бара жатқаны анық көрінеді. Желі қолданушылары видеодағы табиғат Өскемен-Самар тасжолының территориясына ұқсайтынын айтуда. Оның үстіне, 19 сәуірдің таңында аталмыш жолдың таулы бөліктерінде видеодағыдай қар жауған болатын. Бейненің сапасы тұнық болмағандықтан, көліктердің мемлекеттік нөмірін анықтау мүмкін емес. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты жануарлар әлемін қорғау бөлімінің басшысы Арман Есентаев видеоға қатысты кесімді ақпарат бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстанда аюлар сәуірдің басынан бастап апанынан шығады.

Ұйқыдан жаңа тұрып, қоң жинап үлгермеген аюдың ойлы-қырлы емес, жатық жолды таңдауы әбден мүмкін көрінеді. «Біз кеше таңертең аталмыш жолдың бойына қар түскенін анықтадық. Жергілікті орманшыларға да хабарластық, ешқандай аюдың ізін байқамаған. Видеоның куәгерлерін таба алмадық. Сондықтан нақты біздің облыстың аумағында болған оқиға деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен, соңғы үш жылда аюлар популяциясында оң динамика байқалып отыр. Саны шамамен 5 пайызға артқан.

Еуропа мен Америка елдерінде, Австралияда жабайы аңдардың жолда кезігуі қалыпты жағдай. Ондағы жұрт аңның жолдан алаңсыз өтіп кетуіне жағдай жасайды. Осындай әдет бізге де қажет» – дейді Арман Есентаев. Бұл видеоның фейк екенін әшкерелейтін ақпараттар да шығып жатыр. Бейнетүсірілім қаңтар айында youtube каналында тараған екен. Оқиға Аляскадағы ұлттық парктің аумағында болған көрінеді.

Шығысқазақстандықтарды видеодағы жердің табиғаты мен бейне тараған күнгі ауа райының сәйкестігі шатастырған. Дегенмен, Арман Есентаев Өскемен-Самар тасжолының таулы бөліктерінен аю кездесуі әбден мүмкін екенін айтады. Тайынты тауы мен Ақтау бөктері қоңыр аюлардың тұрақты мекені саналады. «Ұйқыдан жаңа тұрған аюлар депрессивті жағдайда болады. Сондықтан, кездесіп жатса, у-шусыз өткізіп жіберу қажет. Қонжықсыз аю топты адамға өздігінен қауіп төндіре қоймайды» – дейді маман.

Тағы оқыңыз: 

Талдықорғанда мұғалімінің ұрысын көтере алмаған оқушының жүрек талмасы ұстап қалды 

Алматыда бекеттерге бір сәтте көліктің төрт кемшілігін анықтайтын аппарат қойылды

Жүргізушіні куәлігінен айыру үшін соттың шешімі енді керек болмай қалуы мүмкін

Талқылау