Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сабақ жертөледе өтеді, ыңғайсыз қимылдар жасатады": Ақтаудағы университеттің студенті ЖОО-да сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтар бар екенін мәлімдеді

Ақтаудағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенті оқу орнында жемқорлық пен ақша бопсалау кең етек жайғанын мәлімдеді. Осыдан соң ЖОО әкімшілігі тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бойжеткен Ақтаудағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенті екенін айтып, мекеме басшылығы тарапынан заңсыздықтар болатынын айтқан.

"Біздің университетке екінші семестрде ауысқан студенттерді алдап жатыр. Оларға ақшаның жартысын ғана төлейсіз, қарыз жоқ деп айтады да, жыл соңында олардың да қарызы бірдей болып шығады. Сондай-ақ кейбір пәндер мамандардың жоқтығына байланысты академиялық семестрдің ортасында қосылады, сол себепті барлық тақырыпты бір аптаның ішінде оқып шығуға мәжбүр боламыз. Әрі кейбір кабинеттер жертөледе орналасқан. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қыздарды орынсыз қимылдар жасауға мәжбүрлейді", – деді студент видеохабарламада.

Сонымен қатар факультет басшылығы студенттердің мәселесіне көз жұма қарайтынын айтты.



Видеоға университет түсініктеме берді.

"Әлеуметтік желілерде жарияланған анонимді бейнехабарламаны қарастыра отырып, университет жоғарыда аталған фактілер негізінде әкімшілік студенттер арасында анонимді сауалнама жүргізе отырып, ішкі қызметтік тексеруді бастағанын, оның нәтижесі белгіленген мерзімде қосымша хабарланатынын мәлімдейді", – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Әкімшілік университет әрбір студенттің қауіпсіздігі мен жайлылығына аса мән беріп, сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын алға тартады.

"Университет жылына екі рет "Таза сессия" анонимді сауалнамасын жүргізеді. Сонымен қатар анонимді сауалнама нәтижесі бойынша "Бақыт индексі және бренд индексі" атты әлеуметтік зерттеу жүргізеді және әлеуметтану зерттеулері жүргізіп, университет ішкі тәуекелді талдау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр", – деп толықтырды университет.

Студенттер университетте сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда анонимді түрде дереу call-орталыққа немесе университеттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хабарласуды сұрайды.

Талқылау