Ринат Зайытов: Ақынды төрт дөңгелекті темірмен өлшейтін дәрежеге жеттік

Жұма, 11 Қараша , 2016 12:49

Белгілі айтыскер ақын, бүгінде ел арасында танымал көптеген хит әндердің авторы Ринат Зайытов “Алматы” телеарнасының “Өткір тіл” бағдарламасына қатысып, журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берді. Сұхбат барысында Ринат Зайытов бүгінгі айтыстың былығын жайып салды. Суырып салма айтыстың жоғалып бара жатқанын мәлімдеген ол өзінің де кезінде бірнеше айтысқа алдын ала дайындықпен шыққанын мойындады. Одан бөлек, бүгінде ақындардың қадір-қасиетінің, халықтың оларға деген құрметінің жоғалып кеткенін тілге тиек етті.

зайытов ринат

Назарларыңызға сұхбаттан үзінді ұсынамыз.

– Қазіргі айтыскерлердің алдын ала келісіп алып сценариймен айтысатынын сынға алған едіңіз. Арты үлкен әңгіме болды. Өзіңіз айтысқа қанша рет сценариймен шықтыңыз?

– 4-5 айтыс бар. Оның болған себебі кейде әріптестеріңнің ішінде ерекше жақын араласатын адамың болады, ру жағынан туыс болып келетін. Кейде жаңадан шығып келе жатқан талантты ақын көрініп қалса екен деп армандайсың. Оның да кінәсі жоқ қой. Талантты. Бірақ халықтың алдына шыққан кезде елдің қошеметі басқа ақынға ауып кетеді. Жұлдыздық, тағ да басқа нәрселер өз рөлін ойнайды. Айтысқа алдын ала келісіп алу деген нәрсе ақырын келе бастаған кезде мынадай деңгейге өршіп кетеді деп біреуіміз ойлаған жоқпыз. Халықтың айтысқа деген құрметі жоғала бастады, келісіп алып айтысатындарын біле бастады. Соны ашық айту керек болды. Оған әріптестерімнің арасында ренжитіндері, ренжімейтіні бар. Бірақ бір қуанытыным, жас ақындар айтып жатады: «Аға, дұрыс айтасыз, айтысқа келгелі бір дұрыстап адам ұқсап айтысып көрген жоқпыз» деп.

– Айтыскерлерлердің көбісі жаппай жұлдыз болып кеткеннен кейін ба, «Жұлдыздар айтысы» деген бағдарлама шықты. Осыған қатысты сіздің мына бір өлеңіңіз ел аузында жүр: «Айтыскерлерден не пайда, Шындықты айтпай тоқтаса, Бәдікті өлең қылам деп, Әрнені мылжып оттаса», – депсіз. Білуімше осы бір арзан күлкіге құрылған айтысқа қарсы болдыңыз. Не үшін қарсы болдыңыз? Екіншіден, Жүрсін Ерман ағамыз: “Жұлдыздар айтысы» заман талабы, бұл лекке ілесе алмаған ақындар шығып қалды, ілесе алған мықтылар келді” деп еді…

– Менің жеке өз пікірім, Жүрсін ағаның өз пікірі бар. Ол кісінің пікірімен шамам келгенше санасуға тырысамын. Бірақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. «Жұлдыздар айтысы» нені дәлелдеп берді? Біздің айтыскер ақындардың суырып салып айтыспайтынын дәлелдеп берді. Демек келісіп алып кез келген Нартай Аралбайұлымен Ринат Зайытов та айтыса береді деген сөз. Әншілерді алып қарайық. Олардың ішінде Еркін Нұржанов кезінде өзімізбен айтысқан әріптесіміз. Оның екі ауыз сөздің басын құрап айтыса алатынына мен кәміл сенемін.  Жанар апайдың да суырып салатыны бар анда санда. Бірақ Қанат Әлжаппаров пен Ұлықпан ағамыздың қатысқаны не көрсетеді, нені дәлелдейді? Қанаттың өзімен кездескенде сұрадым: «Қанат, «Жұлдызды бокс» деген жоба шықса, Головкинмен боксқа шығасың ба?» деп. «Жоға, таяқ жеп қаламын ғой», – дейді. Сонда ұлттық өнерімізді қорлатпау үшін міндетті түрде біреуді ұруымыз керек пе? Ол таза айтысты қорлаудың бір белгісі.

– “Айтыс – сөздің барымтасы” дейді. Барымтада білесіз, мал да, жан да садаға, бас та кетеді. Айтыста айтылған мықты шумақтар өзгелердің, сайқал саясаттың құрбаны болып кеткен кездер бар ма?

– Көп ондай. Оны жіпке тізіп айтатын болсақ, ұзақ әңгіме болады. Қазақтың жақсы сөзі бар «Сөз қадірім – өз қадірім» деген. Меніңше, айтыстың қадірінің кете бастағаны жалпы қазақтың қадірінің кете бастағаны. Бізге қазір бәрібір. Қазір біздің ұлтымыз жайлы кез келген мемлекетте айтылып жатыр, кино түсіріп жатыр, тіпті, өзіміздің ішімізден шығып, қазақты былай да былай қорлап жатқан адамдар жүр. Өз қадірін жоғалтқан адамға сөз қадірі мүлдем қажет емес болып бара жатыр ма деп ойлаймын. Сол ретте шумақ та қор болады. Айтыстың мынадай жанкүйерлері бар: «Пәленбай деген ақын мықты айтысты, иә?» дейді. Не айтты десең, «айтып жатыр ғой енді, мәшіненің бәрін солар мініп жатыр» дейді. Біз ақынның өзін төрт дөңгелекті темірмен ғана өлшейтін дәрежеге жеттік. Ол ақынға деген құрмет, қадірдің жоғалғаны.

– “Өйткені қазақ деген қой секілді,

Қасқыр көрсе орнында қататұғын.

Бауыздауға буса да төрт аяғын,

Жүнімді қырқа ма деп жататұтығын”, – деген сынды сөздеріңіз жиі қиылып қалып жатады. Осындай қиылып қалу, алып тастау, естіртпеу деген қазақ деген ұлы халықтың бойындағы жасықтық па, жарамсақтық па?

– Бұл – қазақтың қасиетін жоғалтқанының бірінші факторы. Президент келіп не болмаса премьер-министр келіп “ақындар аузын жапсын” деп айтпайды. Бұл бір шолақ белсенділер бар, өтірік “жоғарғы жақ, жоғарғы жақ” дейді. Оларың кім десең, ол сұраққа жауап бере алмайды. Бірақ әйтеуір “мен отырған жерге жалын тимесе болды” дейді. Өздерінен өздері қорқады. Сондай қорқақтық, пасықтық дәрежеге жеткен. Осында Алматы қаласының 1000 жылдығына орай үлкен айыс ұйымдастырылды. Премьер-министр кезінде Кәрім Мәсімов отырған кезде мен ашық айтқам “Сіз отставкаға кетпейсіз бе?” деп. Оны айтуыма ҚР азаматы ретінде миллион негізім болды. Сол сөз айтылған күннің ертесінде мен өз арамызда кішігірім жиналысқа салындым. Сонда бір ақ сұрақ қойдым: “Біз өз жерімізде, өз мемлекетімізде тұрып, өзіміздің ұлтымыздың мұң-мұқтажын айту үшін бір қызметтегі адамнан қорқамыз ба?” Жақсы, оның ұлтын, басқасын айтпай-ақ қояйық. Ата Заңымызда не деп жазылған: “Қазақстанда негізгі билік халықта, қалғанының бәрі атқарушы билік”. Демек, премьер-министр, облыстың әкімі, депутат, министр – барлығы біздің халықтың қызметкерлері, бастығымыз емес. Осының ара-жігіт ажыратып алу керек бірінші.

– Реке, сіздің жақсы көретін хадисіңіз бар екен мынадай: “Шындықты айтпаған адам мылқау шайтанмен тең” деген. Қазіргі есіне ауытқи бастаған эстраданың ішінде 91 тобына қарсы шығып едіңіз. Осындай бір топсымақ, әншісымақ адамдарға сын айтамын деп жарнама жасап жіберген жоқсыз ба? Содан кейін керім кетті…

– Бұл да шындықты айтпауға айтылатын сылтаудың бірі. Жарнама жасап жібереміз, үйтеміз-бүйтеміз деп. Қазір мақтанышпен айта аламын. Атырауда не болды? Жезқазғанда, Қызылордада не болды? Кішкентай болсын үлесім бар шығар, жастардың көзін ашып, мынаның дұрыс емес екенін көрсетуде. Егер ол жарнама болып есептелетін болса, мен ондай жарнаманы күнде жасап тұрайын. Қаншама қазақтың жігіттері, барлығына ризамын. Осы бетінен таңбасын. Өйткені барлығымыз осы мемлекеттің мүшесіміз, бізден басқа ешкімге керек емес бұл мемлекет. Сондықтан Ақтөбеде, Қарағандыда, Жезқазғанда, Қызылордада бас көтерген барлық жігіттерге жеке атымнан ризашылығымды білдіремін. Дәл сол ризашылықты мен өзімнің туған жеріме, Өскеменге айта алмаймын. Өскеменге емін-еркін барып концерт қойды. Демек ол жердегі халыққа менің айтқан пікірім ештеңе емес.

Жіберіп алмаңыз: 

Айтыста ең көп көлік мінген ақынды білесіз бе?

Ринат Зайытов: Ақындар қазір ақиқат үшін емес, автокөлік үшін айтысып жүр

Мейрамбек Беспаевтың анасын құттықтауы қазақстандықтардың жүрегін елжіретті (видео)

Мақпал Жүнісова білместікпен Шаһизаданың концертінің сценарийін бұзды

Серік Ибрагимов: Үйленгенін жасыратын әншілерді түсінбеймін

 

 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

1
Комментариев

Пікір қалдыру


Асем
21 күні 5 сағат кері

Жаса, казак!

wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
04.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар