Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вагондардың арасына қысылып қалған: Екібастұзда 21 жастағы жігіттің өлімін арнайы комиссия тексеріп жатыр

Екібастұзда жүк пойызы вагондарының арасында қалып қойып, көз жұмған 21 жастағы жігіттің өлімін Павлодар облыстық еңбек басқармасының арнайы комиссиясы мен полиция қызметкерлері тексеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Қайғылы оқиға марқұм Ерназар Ерланұлы жүк пойызын құрастырушы болып тәжірибеден өтіп жүрген Екібастұз ГРЭС-1 аумағында болған. Туыстарының айтуынша, жас жігітті өлімінен бірнеше сағат бұрын пойыздарды жасақтауға жалғыз жіберген.

"Інім бір жарым ай бұрын жұмысқа орналасты, бұл уақытта ол тек тәлімгермен бірге жұмыс істеуі керек еді. Бірақ 4 сәуірде тәлімгері демалысқа шығып, Ерназар жұмысқа жалғыз жіберілген. Тәжірибесі жоқ, жұмыс істеуге рұқсаты да болмаған", – дейді марқұмның ағасы Азамат Қазыкенов.

Марқұмның ағасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның айтуынша, алдымен пойыз тоқтаған, вагондардың арасында Ерназар жүрген сәтте бірден пойыз алға, сосын бірден артқа қарай қозғалып, жігіт вагондардың арасында қысылып қалған.

"Ережеге сәйкес, пойыздар вагондардың арасында жүретін пойыз құрастырушының бұйрығынан кейін ғана қозғала алады. Ал Ерназар машинистке тоқтау керегін бірнеше рет айтқан, бірақ пойыз қозғала берген. Ерназардың ескертуін көрші пойыздардың құрастырушылары да естіген. Әріптестерінің айтуынша, Ерназарды қысып қалған машинист оған жақындағанда Ерназар оның тоқтауын сұраған, бірақ ол “ештеңе естіген жоқпын, жай ғана бұрылып кетіп қалдым” деп жауап берді", – дейді марқұмның ағасы.

Жігіттің өлімінің себебі мен мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр.

Павлодар облыстық еңбек басқармасы толық ақпарат тергеу аяқталған соң берілетінін айтты. Қазір полиция да осы тергеудің нәтижесін күтіп отыр.

"Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша Екібастұз полициясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, сараптама қорытындысы мен еңбек инспекциясының қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында. 

Ерназардың туыстары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

"Өткен аптада інімнің досы оның сағатын тауып алды, полиция ол сағатты не үшін көрмегені сұрақ туындатады. Біз оқиға болған сәт түсіріліген видеоны сұрадық, олар бізге оны полицияның тіркегенін айтты. Бірнеше күннен кейін сол видеоны TikTok-та көрдік, кім жариялап жібергені белгісіз", – дейді марқұмның ағасы Азамат Қазыкенов.

Талқылау