Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда жомарт жан өрт салдарынан далада қалған отбасына баспана сыйлады (фото)

Павлодар облысында осыдан бір ай бұрын өрттің салдарынан баспанасынан айырылған көп балалы отбасы жаңа баспанаға қоныс аударды.

20160708085623

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

Мұндай тосын сыйды күтпеген төрт баланың анасы Эльмира Жасыбаеваның айтуынша, сауапты іс жасаған павлодарлық меценаттар өздерінің аты-жөнін жасырын қалдыруды жөн көрген. Рустам және Александр есімді қос азамат алдымен телефон арқылы сатып алатын баспана іздестіруді тапсырып, төлемақыны өздері өтеуге уәде берген. Сөзіне берік демеушілер көп ұзамай бір отбасының арманын орындап, 2 млн 300 мың теңгеге төрт бөлмелі үйдің кілтін табыстаған.

20160708085630

“Балалармен далада қалған сәтімде пәтер жалдап сандалатын шығармын деп ойлаған едім. Алайда мейірімді жандар бар екеніне көзім жетті. Оларға деген ризашылығымды қалай жеткізерімді білмеймін. Әлеуметтік желілер арқылы қиындыққа тап болағымызды білген еріктілер мен спортшылар келіп, азық-түлік, киім-кешек ақшалай әкеліп ұстатты. Қасиетті Рамазан айы басталарда қиындыққа тап болған едік, Ораза айт мерекесін жаңа үйде қарсы алдық”, – дейді “Шарбақты-құс” фабрикасында жұмыс істейтін Эльмира Жасыбаева.

20160708085636

Айта кетерлігі, жаңадан қоныс аударған баспана толық жөндеуден өткен. Аулада жеке жазғы ас үй мен монша орналасқан.

20160708085640

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында, 6-маусымға қараған түні орын алған өрт көп балалы отбасының баспанасын жалмап кеткен болатын. Шамамен сағат түнгі бірдің кезінде Эльмира Жасыбаева төбеден тарс-тұрс оқ атқандай дауыстан шошып оянған. Ол кіреберіс есікке бет алғанында қызыл жалынның үйдің ішін шарпығанын және газ баллоны жарылғанын көрген. Абырой болғанда, үй іші дін аман қалды.

Талқылау