Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нигериялық ер адам Ақтөбеден отанына орала алмай жүр

Нигериядан Ақтөбеге ағылшын тілін оқыту үшін келген Манас Огарайо отанына орала алмай жүр. Ол Қазақстанда болуға рұқсат етілген мерзімді асырып алып, көші-қон туралы заңды бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

Нигериялық ер адам Ақтөбеден отанына орала алмай жүр

Нигерияның 34 жастағы азаматы Манас Огарайо Ақтөбедегі темір жол вокзалының маңындағы қонақ үйде тұрып жатыр. Жергілікті тұрғын ақшасы таусылған шетелдік азаматты өз қамқорлығына алыпты. Ал өзге адамдар оны тегін тамақтандыруда. Ер адам отбасымен әлеуметтік желілер арқылы араласады. Себебі қоңырау шалуға ақшасы жетпейді.

«Отаныма оралуды армандаймын. Ақтөбеде болғанымда, әкем қайтыс болды. Әпкем ауыр халде жатыр. Қазіргі уақытта ақшам таусылды. Денсаулығым да сыр бере бастады. Шынын айтсам, егер отаныма оралсам, ең бақытты адам болар едім», – дейді Манас Огарайо.

Шетелдік азамат Ақтөбеге ағылшын тілін оқыту үшін келген. Ғаламтордағы хабарландыру арқылы табыс табу үшін келген Манас жұмыс берушімен тіл табыса алмай, Қазақстанда болуға рұқсат етілген мерзімді асырып алған.

«Көші-қон заңын бұзғаны үшін, Нигерия азаматына қатысты Ақтөбе қалалық әкімшілік сотының оны Қазақстан аумағынан шығару туралы шешімі шықты. Қазіргі уақытта облыстық ІІД-нің көші-қон қызметі аталған мәселемен айналысып жатыр», – дейді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің басқарушысы Ерболат Сарқұлов.

Әкімшілік іс қозғалды, сот шешімі шықты. Ендігі  Манас Огарайо еліміздің аумағынан әкімшілік жолмен шығарылады. Ал оған дейін шетелдік азамат ақтөбеліктердің қамқорлығында болады.

«Шетелдік азаматты көшеде кезіктіріп қалдым. Жөн сұрасқаннан кейін , оған не болғанын білдім. Көмектесуді ұйғарып, оны өз қамқорлығым алдым. Оның арманы – отанына оралу», – дейді қала тұрғыны Бауыржан Молшыбаев.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау