Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік тілдегі телебағдарламаларды 55%-ға дейін көбейту: Мәжіліс "Масс-медиа туралы" заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс отырысында "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша қорытынды екінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

пресса

Фото: pixabay

Заң жобасы мемлекет мүддесі, қоғам сұранысы және медиа-саланың даму үрдісін ескере отырып, масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, сондай-ақ журналистердің артықшылықтарын кеңейту бойынша жағдай жасау көзделген.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар: 

  • "баспасөз картасы"; "бұқаралық ақпарат"; "діни телебағдарлама"; "Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндама"; "теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік" деген ұғымдарды алып тастауға;
  • "журналистің ерекше мәртебесі" және "аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі" деген ұғымдарды енгізуге; "журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу" және "масс-медиа мониторингі" деген ұғымдарды нақтылауға, сондай-ақ масс-медианы мониторингілеуді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекітіп беруге;
  • желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ-тың бір түрі болатын "интернет-басылым" деген бірыңғай ұғымға біріктіруге;
  • масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылауға;   
  • Қазақстан Республикасы үкіметінің қызметін мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретпен толықтыруға; 
  • облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына қоғамдық көлікте мемлекеттік теле, радиоарналар өнімдерінің трансляциясын қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі қосымша құзыретті беруге;
  • журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеуге;
  • мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламаларды тарату және отандық контенттің көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – теле, радиобағдарламалардың жалпы көлемінен 55%-ға, 2027 жылдан бастап 60$%-ға ұлғайтуға;
  • құқықтарының бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімін БАҚ-та осындай мәліметтер жарияланған күннен бастап үш жылдан бір жылға дейін қысқартуға; 
  • БАҚ-тың қызметін өзін-өзі реттеуі мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу деп айқындауға;
  • мемлекеттік органдардың қоғамдық-кәсіптік кеңестердің ұсынымдарын міндетті түрде қарауы және оған ден қоюы жөніндегі талаптарды бекітіп беруге; 
  • отандық теле, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле, радиоарналардың теле, радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20%-дан 10%-ға дейін қысқартуға; 
  • "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін онлайн-платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізуге бағытталған түзетулер енгізді.

Заң жобасында "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңдардың күші жойылды деп тану көзделген. 

Бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Масс-медиа туралы" заңды бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Заң жобасын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды. 

“БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуге тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-ке қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді”, – деді министр өз баяндамасында.

Талқылау