Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғындар қоқыс шығару тарифінің қымбаттағанына наразы болды

Алматыда тұрғындар қоқыс шығару тарифінің қымбаттағанына наразылықтарын білдірді. Қала мәслихаты 1 мамырдан бастап тұрғындардың адам басына 718 теңгеден төлейтінін бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан скринделген

Шенеуніктер баға өссе, қызметтердің де сапасының жақсаратынын алға тартады. Дегенмен деректерге сай Алматы коммуналдық қалдықтардың саны бойынша рекорд орнатып тұр. Мұнда жыл сайын 500 мың тоннаға дейін қоқыс жиналады. Ал жылдан-жылға халық саны өскен сайын көлем де артпақ.

Осы тұста контейнерлер санын көбейтіп, қалдықтарды жинау және тасымалдау үшін техника қажет болады. Нәтижесінде мұның бәрі қарапайым алматылықтардың шығынына әсер етеді. Мамыр айынан бастап қоқыс шығару тарифі шамамен 30% қымбаттамақ. 

“Жаңа тариф – 718,5, яғни 165 теңгеге өсті. Тарифті көтеру есебінен жерге контейнерлер орнатылады. 2024-2025 жылдар кезеңінде 2 905 контейнер орнатылады. Қоқыс шығаратын компаниялар 60-тан астам арнайы техниканы жаңартады. Оның ішінде контейнерлердің осы түрлеріне қызмет көрсетуге арналған кран және манипуляторлық қондырғылардың 40 бірлігі бар”, – деді Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Данияр Бірімжанов. 

Контейнерлердің бұл түрі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көлемді. Алайда мәслихат депутаттары арасынан эко-белсенділер бұл тәсілді мақұлдамады. 



“Мен жерге контейнерлер орнатуға келіспеймін. Себебі мұнда қоқысты сұрыптау принципі жоқ. Егер біз сұрыптау туралы жаңа ережелер бола тұра, жерге 2 мың контейнер орнатсақ, бәрібір қоқысты бөліп тастау принципі жоғалады”, – деді Алматы мәслихатының депутаты Тимур Елеусізов. 

Ал әкімдік қоқысты сұрыптап тастауға жағдай жасалатынына сендіреді.

“Бір алаңда үш контейнер болады. Оның біреуі жалпы, ал қалған екеуін болашақта қолдануға болады. Барлық инфрақұрылым жөнделеді. Қазірдің өзінде сұрыптау үрдісі басталды. Бізде пластиктің, макулатураның үлесі азаймақ. Бастапқы инфрақұрылым бар. Әрине әлі де жеткілікті түрде дами қоймады. Дегенмен бұл бағытқа қазір адамдар дайын”, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Тұрмыстық қалдықтарды дұрыс бөлуге халықтың көп бөлігі дайын болғанымен, коммуналдық қызметтердің сапасына көңілі толмайды.

“Бәріміз бөтелкелер, пластмассаны жасыл контейнерге салып жүрміз. Дегенмен ол тез толып, бірнеше апта бойы тұрады. Кейін сол үйіндіні жинарда қасындағы контейнерге қайта төгіп бәрін бірге әкетіп жатады. “Сонда не үшін қоқысты сұрыптадық” десек, оларды бөлек таситын көліктің жетіспейтінін айтты”, – деп қосты Алматы тұрғыны Қапан Қапесов.

Талқылау