Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Блогерлер өз қалтасынан берсін": Қазақ тілді блогер су тасқынынан зардап шеккендер үшін ақша жинағандарды сынға алды

Белгілі қазақ тілді блогер Алексей Лодочников су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін "жылу жинау” ашып, халықтан ақша жинаған блогерлерді сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Лодочников халықтан ақша жинап жатқан блогерлердің шынайылығына күмәнданатынын және олардың еш жерде есеп бермейтінін айтты. 

"Қазір еліміздің көп облыстарында, қалаларында су тасқыны болып жатыр. Осыған байланысты қазір екі блогердің бірі "сбор" ашып жатыр. Күні кеше көрдім, блогерлердің бәрі жиналып, "қиын-қыстау қилы заманда" деген әнді қыстырып қойып, "бір-бірімізге көмектесейік, осыған байланысты ақша жинаймыз" деп жатыр. Мен бұл “сборлардың” неге ашылып жатқанын түсінбеймін. Онсыз да үкімет бәрін істеп жатыр, Тоқаевтың өзі "біз бәріне көмектесеміз, үйін салып береміз, жоғалтқанымыздың орнын толтырамыз” деді. Елдегі көптеген ірі компаниялар миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Менің ойымша, санап қарасақ, осының өзі жеткілікті ғой", – деді Лодочкинов әлеуметтік желіде жариялаған видеосында.

Лодочкинов блогерлерді өз қаражаттарынан ақша жинауға шақырды.

"Негізі блогерлер кедей халық емес. Instagram парақшаларын ашып қарасаңыз, біреулерінде бес көлік, басқалары кейде миллиондап, миллиардтап табыс табамыз деп мақтанады. Оның орнына блогерлер жиналып, өз араларыңызда ақша жинап: "бұл барлық блогер атынан халыққа көмек болсын" деп беріңіздер", – деді Лодочников.

Сондай-ақ блогер осылай жиналған ақша үшін ешкім есеп бермейтінін айтты. 

"Бір кездері блогерлердің барлығы “гив” арқылы ақша жинады, ал қазір осындай “жылу жинаудың” арқасында ақша жинап жатырсыздар. Есеп беру деген жоқ. "5 миллион, 10 миллион теңге жинадық" деп айта салады. Бірақ олардың нақты қанша жинағанын ешкім білмейді. "Қазақстан халқына", "Біз біргеміз" деген сияқты қорлар жеткілікті. Халықтан ақша жинауды доғару керек", – деді блогер.

Еске салсақ, бұған дейін танымал әнші Роза Әлқожа су тасқыны болып жатқан өңірге көмектесемін деп халықтан ақша жинағаны үшін сынға қалғаны туралы жазған едік. 

Талқылау