Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев қоры қазіргі билікті қаралау науқанын ұйымдастырғанын жоққа шығарды

Еліміздің көп бөлігін су басып жатқан тұста бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі пабликтерде “Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі билікті қаралауға және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан жүргізді” деген ақпарат тарады. Алайда Назарбаев қоры мұны жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото ашық дереккөзден

"Қазақстандағы су тасқынына байланысты шиеленіскен жағдайдың аясында кейбір әлеуметтік желілерде "Нұрсұлтан Назарбаев қоры қазіргі биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан жүргізді"  деген ақпарат жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев қоры бұл хабарламаның мүлдем объективті және нақты негізі жоқ екені туралы мәлімдеме жасау қажет деп санайды", – делінген қор мәлімдемесінде.

Сондай-ақ қор хабарламасында анонимді дереккөз жариялаған ақпаратты жекелеген БАҚ өкілдері де айтып, олар да негізсіз айып таққаны айтылған.

"Қор жұмысы әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, қазақстандық жастарды қолдауға және қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның ұстанып отырған саяси бағытын әрқашан қолдағанын және қолдап отырғанын ерекше атап өткім келеді. Нұрсұлтан Назарбаев қоры зардап шеккен аудандардың тұрғындарын қолдауға қаражат аударып, алғашқылардың бірі болып қаржылай көмек көрсетті", – делінген хабарламада.

Мәлімдеме соңында тұңғыш президенттің мемлекет және үкімет басшысының республика өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі күш-жігерін толық қолдайтыны айтылған.

Еске сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Өңірдегі жағдайды бақылап, тұрғындармен кездесті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

Талқылау