Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәйітхананың сапасын сынаған депутаттар мәселені шешуді талап етті

Мәжілісмендер мәйіттер үшін алаңдап отыр. Депутаттар мүрделер тоз-тозы шыққан ескі сараптама орталықтарында жатыр деп сынады. Ал аудандарда мәйітхана атымен жоқ. Тергеушілер адам денесін тексеру үшін жүздеген шақырым жердегі орталыққа тасуға мәжбүр. Депутаттар бұл мәселені Мәжіліске есеп беруге келген Әділет министрінен шұғыл шешуді талап етті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мәселен, Алматыдағы мәйітханада мүрделер жерде шашылып жатыр екен. Өлген адамның денесін зерттеп, сараптамақ түгілі, оны сақтайтын орын жоқ дейді дәрігер әрі депутат Зәуреш Аманджолова. Орталықтағы жабдықтар да әбден көнерген, ілініп-салынып әрең тұр.

«Медицианлық институтты тәмамдағаныма 40 жыл болды. Алматыдағы сот медициналық сараптама орталығы тура сол қалпында, өзгермеген. Мәйіттер еденде жатыр. Ешқандай жағдай жасалмаған. Зертхана туралы айтудың өзі артық», – дейді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Астанада да жағдай мәз емес. Елордада халық саны 5 есеге көбейген. Ал мәйітхана ғимараты тар, мамандар жаңа жабдықтарға зар болып жүр. Марат Бекетаев бар былықты біледі екен. Министр депутаттардың сынына қарсы ақталып әлек болмады. Керісінше, ескі нысаннан бөлек, сараптамалардың да мерзімінен кешігіп, қаншама қылмыстық іске зияны тиіп жатқанын ашып айтты.

«Мәйітхана ғимараттары белгіленген стандарттарға сай келмейді. Орталықтардың кейбір филиалдары сот сараптама жүргізуге бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Министрлік бұл қиындықтарды қолда бар мүмкіндіктермен шешуде. Жергілікті әкімдермен босап жатқан объектілерді беру және жаңа ғимарат салу жұмыстары пысықталуда», – дейді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Ал шалғай аудандарда сараптамалық орталық тіпті атымен жоқ. Полицейлер сот-медициналық сараптама жасау үшін адам денесін қалаға тасиды. Депутаттарға терегушілерден де көп шағым түседі екен.

«92 ауданда сарапшы мүлдем жоқ. Тергеушілер мәйіт пен істің материалдарын 200-500 шақырымда орналасқан мәйітханаға тасуға мәжбүр. Осыған байланысты қылмысытқ істі тергеу уақыты созылады. Әрине, қосымша қаржылай да шығындар бар», – дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко.

Маман тапшылығы да үлкен мәселе. Сарапшы жетпейді. Өйткені, 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігердің өзі небары 120-150 мың теңге жалақы алады. Ал өлікпен жұмыс істеудің қаншалықты ауыр екені айтпаса да түсінікті.Маман аз болғандықтан, сараптама қорытындысы да кешігеді. Былтыр 300 қылмыстық іске қатысты сараптама уақытылы жасалмаған. Ең өкініштісі, мәйітханалардағы қызметкерлердің денсаулығы сыр бере бастаған. Ақмола, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында 82 дәрігер, медбике мен өзге де қызметкерлер туребкулез бен түрлі вирус жұқтырыпты.

Негізі, премьер қарамағындағыларға мәйітханалардағы мәселені шешіңдер деп, бес жыл бұрын тапсырма берген. Алайда оған құлақ асқан ешкім жоқ. Қаржы министрлігі, керісінше, сараптама орталықтарына бөлінетін ақшаны жыл сайын қысқартып отыр. Енді Әділет министрі кезең-кезеңге бөліп, бұл саланы реформаламақ. Сондықтан, Бекетаев енгізген өзгерістердің нәтижесін күтуге тура келеді.

Оқи отырыңыз:

Талдықорғанда қылмысын жасырған ұшқыш ақыры сотталды

Жамбыл облысында қойшы “Қазақваген” көлігін ойлап тапты

Танымал қазақстандық блогер сот алдында жауап береді

Қарағандылық қыз ұрыс естімеу үшін белгісіз біреу зорлады деп өтірік айтқан

Талқылау