Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайғыра да алмайды: Имамдар зират пен жаназа дастарханын қарапайым жасауды ұсынды

Былтыр Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы зират қоюға байланысты пәтуә шығарған. «Шариғат бойынша адамның бейнесін қашап, бюст, ескерткіш орнатуға рұқсат жоқ. Жарты ай бейнеленіп, қайтыс болған адамның аты-жөні, туған жылы мен өлген уақыты жазылады. Зират түйенің өркешінен биік болмауы тиіс».

Бұл туралы Астана арнасында хабарланды.

Ал өлген адамның суреті қашалып, ескерткіш орнатылатын, қымбат тастардан қаланып, зәулім зираттар салынатын елде бұл пәтуә орындалып жатыр ма? Кредит алып кесене тұрғызатындар бар ғой… Бұған адам қайтыс болған кездегі қонақасы, жетілігі, қырқы, асындағы «ас та, төк» дастарқанды қосыңыз. Жыртыс, шапан… Бұл не? Есерсоқтық па, әнебір байдың «жыртылыңнан 1 метр» дейтініндей даңғазалық па? Кім «қой» дейді?

Соңғы уақытта имамдар тәубеге келуге, ысырапшылдықтан арылуға шақырып бастады.

Айтпағымыз, тойды да қойшы, білгенін істесін. Жаманы – жақынынан айырылған адамдар қайғыра да алмайтын уақыт туды – «ел күліп кетеді» деп, дастарқан мен шапан-тақияға қайдан ақша табарын білмей, зыр жүгіріп жүргені…Тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер екені аян. Алла-тағала ниетті жылқы сойылған, «жайнаған» дастарқан бойынша өлшемейді.

Бүгінде бақилық болған адамды соңғы сапарға шығарып салу үшін соңғы тиынын санап қалып жатқандар көп. Яғни, қазақ-қазан ет асып, қатар-қатар дастархан жаю дәстүрімізге дендеп енді. Көпшілік көңіл айтуға емес, көз сүріндірер дастарқаннан дәм тату үшін бара ма? Топырақты өлімді торқалы той ету кімге керек? Қара жамылып, қайғырған отбасы. Олар өздерін жұбата ма, әлде өзгенің ас ішіп, аяқ босатуына алаңдай ма? Ырысыңды ысырып қылудың түрлі тәсілі көп. Шапан іздеп, шауып жүрер. Мүмкін, мата кесіп, мезі боп жатар. Оны жаназаның жыртысы ғой деп қоямыз.

«Кейінгі кезде көріп жүрміз. Сол дастарқан басынан дорба-дорба пакет алып, үйіне алып кету деген сияқты көріністер толып жатыр. Соны ойлағанда жағаңды ұстайсың. Апырау, бұл той емес. Дінімізде «арам нәресе емес, адал нәрсенің өзін артығымен пайдалану «ысырап» делінген»,-дейді СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова да осы ойды ұстанады. Әйгілі әншіні бақи болған адамның жаназасы банкетке айнала кететіні қынжылтады.

«Тойға дастарқанды қалай жаяды, дәл сондай қып, асқа да солай жаяды. Біздің кезімізде бауырсақ пісіреді, шелпек пісіреді, май қояды, нан қояды. Ал, мына жерде тура банкет сияқты. Қызыл икрадан, қара икрадан бастап… Керегі жоқ қой. Келіп, әруақты еске алып, құран оқып, нан ауыз тиіңдер»,- дейді КСРО халық артісі Бибігүл Төлегенова.

«Мазар тұрғызу, күмбез салу, керемет, үлкен мүсінін жасап, қымбат-қымбат тастарға қаражат жұмсау… Сол қаражат одан да халықтың игілігіне жаратылса, балабақша салса, мешіт салса»,-дейді Жамбыл облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев.

Жаназа дастарқанын жасаудан жарыс боп жатқандай әсер қалдырады. Бұл тақырыпта көрпеңе қарай көсіл десең… ол да болмайды. Өйткені байлықты көрсетуде бәйге боп кетері анық. Бүгінгі жаназа жарлының жалғыз атын сойғызып жатыр. Бірақ кедейшілік есіктен кіргенде иман терезеден қашпауы керек. Қалай десек те, өлім бізді ысырапшылдыққа тәрбиелемеуі тиіс.

Жіберіп алмаңыз:

Шымкентте бір отбасы мүшелерін үйінде өлтіріп кеткен күдікті ұсталды 

Қазақстандықтар мүгедек қыздың протез аяғына 400 теңгеден жинап жатыр 

Апатқа ұшыраған Ан-148 ұшағының бортында ресейлік қазақ болған 

 

 

 

Талқылау