Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отыз жасқа дейінгі ер азаматтарға арналған 8 кеңес

40 жастағы азамат уақытының текке өтіп кеткеніне өкініп, өзгелерге сабақ болу үшін кеңесін айтты.

article_should_i_forgive_my_wife_for_cheating_me_with_another_man

Бауырым! Мен сенен он жылдай уақыт ерте көйлек тоздырдым. Сөйтсе де, артыма көп қарайлаймын, өткен-кеткенге қайта-қайта көз жүгіртемін. «Әттең-айларым» жетерлік. Көп нәрсені білмеппін, кейбірін ескермеппін, ал енді біріне немқұрайлылық танытыппын. Бүгін соның зардабын тартып отырған жанашыр замандасыңның ақыл-кеңесі кәдеңе жарап қалар.

1. Кері қайтып, бәрін жаңадан бастауға рұқсат етілсе, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысар едім. Иә, мұны жасау керектігін білдім, бірақ, ол кезде сылтауым мен себебім көп еді. Дәрінің ең жақсысы – аз және пайдалы тамақ. Аузыңа ненің кіріп жатқанына мән бер. Сенің ақылың тәніңнің жасынан 10-15 жас кіші. Денсаулығыңның қалай кемігенін байқамай да қаласың. Артық ұйқыға, пайдасыз әңгімеге, орынсыз сейіл-серуенге кеткен уақыттарыма қатты жаным ашиды.

2. Жаман әдетке әуестігі бар адамдарға, әрекеттерге, міндеттерге «жоқ» деп айтуды үйрен. Мейлі оның қаржы жағдайыңа, мансабыңа пайдасы тигелі тұрса да… Айналаңда ақылыңа ақыл қосатын салихалы, тәжірибелі, парасатты, дұғасымен жанашыр болатын адамдарды жина және сені рухани тұрғыда өсіретін міндеттер мен амалдарға кенедей жабыс.

3. Сенің өміріңді шынайы уайымдайтын жандармен, туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста бол. Басыңа қиындық түскенде бөлісуге асығатын, аузындағы наны, қорасындағы малын беретін туыстарың екенін ұмытпа. Бірінің анасы, ағасы, әпкесі қайтыс болады, перзенттері туылады, ажырасады… Осындай кезде оларға тым болмаса сөзбен қолдау білдіру немесе есепке тартпай жай ғана үнсіз тыңдау – көңілге медет болатын үлкен істерден. Ешнәрсені азсынба.

4. Сенде орнын толтыра алмайтын екі белсенділік бар: тәнің мен ақыл-санаң. Екі жақтан да өсуді доғарма. Адамдардың көпшілігі жиырма жастан кейін өзімен жұмыс жасауды доғарады. Ал отыздағылар оған уақыттың жоқ екендігін айтады. Отыз жаста қосымша білім алып, рухани және физикалық саулығыңды күзетіп жүрген болсаң, қырықта өз қатарластарыңды басып озасың. Мақсатың – Отаныңа пайдалы тұлға, Аллаға лайықты құл, ата-анаға қайырымды ұл, бала-шағаға үлгілі әке, әріптестерге сенімді қызметкер болу.

5. Ең үлкен капиталды отбасыңа құй. Балаларыңа уақытыңның ең көп бөлігін жұмса. Ата-анаң сені әлі бала көреді. Мұны жұбаныш санама. Қадіріне жетуден кеш қалмау үшін қолыңнан келіп тұрған жақсылықты жасаудан аянба. Анам ерте қайтыс болды. Оған көрсетіп үлгермеген құрметтерімді ойласам өзегім өртенеді.

6. Иә, сен мұсылмансың. Бірақ ұлы діннің аманатын арқалаушы адам ретінде осы жасқа дейін қанша Құран оқып, жаттадың? Жай ғана өзіңе жауап беріп көрші. Мәселен, менің дәл қазіргі ұяттан кірерге тесік таппастай болған жауабыма айтар сылтауым көп. Алайда, терең бойлап көрсем, оның ешбірі мені ақтай алмайды екен. Құранның ең алдымен өзім үшін қажет екенін түсінемін. Күн сайын жасайтын ағаттықтарымды жуып-шайып, жүрегімді тазартады, тәнімнің сырқаттарына шипа болады, жолымды ашады… Осыны біле тұра ең ұлы кітапқа көңіл бөлмегеніме өкінемін.

7. Пайдалы кітаптарды көп оқы. Білімнің қажет болмайтын жері жоқ. Адамның жады шексіз нәрсе емес, оны да тек сұрыпталған ақпаратпен толтыру керек. Сондай-ақ, ыдыс толғанда ғана таситыны секілді, сана мен жүрек неге толса, амалға сол шығады. Өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистеріне аз уақыт бөлгенімнің зардабы күн сайын көрініп тұрады.

8. Ілгері буын данышпандарының біріне: «Бұл дүниеде адамға берілген нәрселердің ең жақсысы не?» деген сауал қойылады. Сонда ол: «Өткір ақыл, көркем әдеп (мінез), қысылғанда ақыл айтатын жолдас және үндемеу» деп жауап береді. Расында да, ең үлкен өнер – адамдармен тіл табысу, көркем қарым-қатынас жасау. Бұл уақыт өте тәжірибемен қалыптасады. Дегенмен, өмірдің әрбір сәтінен сабақ алудан қалыс қалмау керек екен.

Бірде әкеммен сұхбаттасып отырғанымда ол маған: «Саған қырықта болған ұнайды. Өйткені, адам жиырма жаста бәрін білемін деп ойлайды. Отызға келгенде олай емес екенін түсініп, жалтақтап қалады. Ал қырық жасқа келгенде арқаңды кеңге жайып, әр нәрсені қалай бар солай қабылдауды үйренесің, түйгенің, айтарың болады» деді.
Бүгін мен оның сөздерін құптап отырмын.

Тағы да оқыңыз:

Тек ерлерге ғана арналған кеңестер

Психиолог кеңесі: Күйеуің адал болу үшін не істеу керек

Мамбет, калбит, Мырқымбай. Қазақстанда қандай сөздерді айтпауға кеңес беріледі

Галстукты әдеттегіден ерекше әрі сәнді етіп байлай аласыз ба (фото)

Талқылау