Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпбалалы отбасыға пәтер алып берген кәсіпкер өзін сынаған журналиске жауап берді

Астанада болған қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы отбасыға баспана беру эстафетасын алғашқылардың бірі болып бастап, өзгелерге үлгі болған кәсіпкер Жандар Сыдықов болатын. Десек те, жасалып жатқан қайырымдылықтың қуанышын емес, көлеңкелі тұсын теріп отыратын азаматтар да кездеседі. Журналист Денис Кривошеев өз фейсбук парақшасында Жандар Сыдықовтың жасап жатқан ісін “жылдың ең сорақы тірлігі” деп пікір білдірген болатын. Осыған байланысты Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі кәсіпкердің өз жауабын алған болатын.

Денис Кривошеев фейсбук парақшасында сіз туралы пост жариялаған болатын. Көрген  боларсыз? Сіздің көпбалалы отбасына көрсеткен көмегіңізді “жылдың жиіркенішті тірлігі”деп отыр. Бұған пікіріңіз?

Мен бұл журналистті танымаймын. Қазіргі шулы жағдайда ол өз атына хайп жинамақ болған шығар. Бірақ жаман атты болып хайп жинаудың не қажеті бар?! Өкіншке орай бізде жүрегі, ойы таза емес, жалпы, жан дүниесі таза емес адамдар бар. Мұндай пікір жазатын адамдарды, мұсылман қазақ баласы ретінде ойыма алмаймын. Өзіме елемеймін. Мұндай адамдар осындай сөздерімен халықты төмен тартады. Егер расында өз халқына жақсы ниетті адам болса менің жасап жатқан қайырымдылық эстафетасын жақсы жағынан көрсетіп, жақсы жағынан насихаттауы керек еді. Бұл кісінің айтқанына қарамай ары қарай осы эстафетамды жалғастырамын. Әрдайым халыққа пайдалы болуға уәде етемін. Мені оңайлықпен сындыра алмайды. Жақсылық жасаймын деген ниетімнен мені өзгерте алмайды.

Жеке бизнеспен айналыса бастағаныңызға қанша уақыт болды?

Негізі менің отбасым алғашында жағдайы нашар отбасы болып есептелетін. Себебі, бір кезеңдерде отбасмызбен автобусқа билет алуға ақша таппай қалған кездеріміз болған. Жас кезімнен тірлікке ерте араластым. Сабақ оқып жүріп даяшы, күзетші болып күн көрдік. Ал, колледж бітірген соң әкімшілікке жұмысқа тұрдым. Бірақ ол жерде жалақы аз болғандықтан 2015 жылы ол жерден шығып, қолымда жиналған 200 мыңнан полиграфия аштым. Бір ноутбук пен бір фотоаппарат сатып алып, полиграфия мен теміржол және әуе билеттерін сатумен айналыстым. Одан жиналған қаражатқа Sony PS аштым. Осылардан жиналған қаражатқа Астана қаласы Юго-восток (Оңтүстік-шығыс) ауданында тағы бір нүктесін аштым. Осылай басталған болатын.

Неге ломбард бизнесі?

Юго-востокта мені танитын жағдайы нашар адамдар күнде менің жұмысыма келіп, “бауырым, сақинамды, телефонымды қалдыра тұрайын жұмысқа жететін тиын бере тұршы немесе үйдегі балалардың қарны аш, дәрі-дәрмекке ақша жетпей тұр. Бере тұршы мен саған рахметімді айлығымнан беремін”,- деп сұрап алатын. Өздері алатын сумма көп те емес. 5000 -2000 теңге алып, үстінен 200-500 теңге ғана қалатын. Ломбард деп ресми түрде ашылмаса да сұрарман халық аз емес. Өйткені, пәтерақысын төлей алмай, қатты қысылғанда оларға көмектесетінмін. Олар әлі күнге дейін “пәтерден қуып жатқанда сіздер мені құтқарып қалдыңыздар” деп рахметін айтады.Қайырымдылықпен қай уақыттан бастап айналыса бастадыңыз? Қайырымдылықпен бұрынан айналысамыз. Мұның бәрі ата-анамның арқасы.

Қазақ халқына, жалпы, айналамдағы адамдарға барынша пайдалы болғым келеді. Қайырымдылықты әрдайым жасап, көмек беріп тұрамыз. Қайырымдылықты мына күннен бастап жасадым деп айта алмаймын, себебі, ол бұрынан келе жатқан үрдіс. Осының барлығы ниетімізге байланысты. Өйткені, неғұрлым халыққа қайырымдылық жасап, жақсылық тілесек, соғұрлым жолымыз ашылады. Армандаған, алға қойған мақсаттарымыз тез орындалады.

Көпшілікке көпбалалы отбасыға үй алып беремін деп айтып, уәдеңізде тұрғаныңызбен таныла бастадыңыз. Ал бұдан бөлек ауыз толтырып айтарлықтар тағы қандай қайырымдылықпен айналысасыз?

Көпбалалы отбасыға баспана алып беру менің бұрыннан ойымда болған дүние. Мұсылман ретінде Рамазан айының алдында, біраз қаражат жинап алған соң алып берем деп жоспарлап жүрдім. Бірақ Астандағы қайғылы оқиғадан соң ары қарай күтіп отырғым келмеді. Бұдан бөлек аз қаражатпен өз мақсаттарын жүзеге асырған кәсіпкерлердің бірі болған соң, достарым, таныстарым маған да кәсіп бастауға көмектес деп айтып жатады. Әрине, мен өз кезегімде олардың аяқтан тұрып, ары қарай дамып кетуіне қолымнан келген көмекті аямаймын. Бұл туралы айтқым келмеген, бірақ халық білу керек деп тапсаңыз айтайын. Айына бір рет медресеге барып құрбандық шалып тұрамын. Бұдан бөлек таныстарым осындай жерде жағдайы нашар, тұрмыс деңгейі өте төмен кісілер бар десе мен қолдарын қайтармаймын.

Жағдайы нашар отбасыға көмектесіп жатқаныңызды көпшілікке жария етіп жасап жатқаныңызды дұрыс түсінбей: өз бизнесіне жарнама жасап жатыр, танымал болғысы келіп отыр деп айтатын адамдардың кездесетіні анық. Шынымен де, жасаған жақсылықты жаһанға жария етудегі көздеген мақсатыңыз не?

Мен жасырын түрде бір жанұяға баспана алып беріп көмектессем, бір ғана отбасы үйлі болар еді. Ал егер жариялы түрде, бәріне айтып, мұқтаж жандарға көмектесіңіздер деп өзімді үлгі қылсам, онда менен қайталайтын адамдар болады деген ниетпен істедім. Расында, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде пәтер беруші кәсіпкерлер саны 3-еу болды. Әрине, олар Жандарың эстафетасы бойынша деп жариялаған жоқ. Бірақ соның өзі мен үшін үлкен қуаныш. Менің негізгі мақсатым: кәсіпкерлер көпбалалы жанұяларға, мұқтаж жандарға көмектесуді ұмытпасын. Халықтан пайда көріп отырған соң, халық алдындағы қарызын өтеу керек.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан алдын “жылдың жиеркенішті әрекеті” деп журналист көпбалалы отбасыға пәтер алып берген Жандар Садықовты сынап тасған болатын. 

Автор: Жанна Мәлік

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Талқылау