Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонарова “Ninety one” тобын атақты “The Beatles” тобына теңеді

Алуа Қонарова “Ninety one” тобын жақтап сөйледі. Ол жаңа бағытта ән салатын топтың концертіне кедергі жасағанша, еліміздегі маңызды мәселелермен айналысуға кеңес берді, деп хабарлайды Stan.kz.

14659369_1315255135164871_4091493705683304448_n

Қонарова алдағы демалыста өтетін “RinGo” тобының 10 жылдық концертіне қызу дайындалып жатыр. Соған қарамастан, “Ninety one” тобының концерттерінің өтпей қалып жатқанын естіген продюсер үндемей қарап отыра алмағанын айтты.

«Концертке тосқауыл болғанша шынайы әлеуметтік мәселелермен айналысқанымыз жөн шығар? Өршіп бара жатқан діни фанатизмге мән беріп, қылмыстық істерді азайту керек шығар? Концерттің өтуіне кедергі болғанша даму жолында жұмыс істеп, жаңа тенденцияларды қалыптастырсақ қалай болады?» – деп бастады сөзін ашынған продюсер желідегі парақшасында.

Одан кейін Қонарова шаш бояу, сырға тағу сынды үрдістердің бағзы замандардан келе жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл бар болғаны сахналық образ. Кедергілер көп болған сайын, оларды тыңдауға және көруге деген құштарлық арта түседі. Солай болады да. Өйткені бұл жігіттер жаңашылдық алып келді әрі туындылары өте сапалы», – деген продюсер бұдан кейін атышулы топты атағы жер жарған әлемдік “The Beatles” тобымен салыстырды.

“The Beatles” тобымен бұларды салыстыру ертерек, әрине. Алайда оларды да өз елдерінде мойындаған жоқ. Есесіне кейін бүкіл әлем қабылдады, мойындады”, – деп түйіндеді сөзін ол.

Естеріңізге сала кетейік, атышулы “Ninety one” тобының Қарағанды және Жезқазған қалаларында жоспарланған концерттері өтпей қалды. Бір топ қала жастары қала әкімдігіне хат жазып, аталмыш топтың имиджеріне көңілдері толмайтынын айтып шағымданған. Есесіне әкімдік бұл іске өздерінің қатысы жоқ екендерін айтуда. Айтуларынша, концерттің өтпей қалуына ұйымдастырушылар кінәлі. Олар концерт өтетін ғимараттың ақысын төлемеген болып шықты.

Жіберіп алмаңыз: 

“RinGo” тобы 10 жылдық туған күнін жұлдыздармен бірге атап өтті (фото, видео)

Нұртас Адамбай «Сәбинка келіннің» қуыршағын сатылымға шығарды

Баян Мақсатқызы «Махаббат бекеті» фильмінің жалғасын түсірмек

Сәдуақасова алғашқы концерті жөнінде айтып берді (видео)

Талқылау