Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кім пәтерге көшкісі келсе, сатып алып береміз": Тоқаев Қостанай облысы тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысы тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Кездесуде президент азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бей-жай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртқа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде сезілетінін жеткізді.

“Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдайдың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету,” – деді мемлекет басшысы. 

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғынға қажет көмек көрсетілетінін айтты. 

“Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажет барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлдем болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылысты бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім”, – деді президент.

Талқылау