Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шекарашылар автобус билетіне “Көмектесіңіздер” деп жазған қызды құтқарып қалды

Ресейге мәжбүрлікпен әкетіліп бара жатқан өрімдей жас қызды қаскүнемдерден Шекара қызметінің «Батыс» өңірлік басқармасы Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Жайсаң авто» тексеріп-өткізу бекетінің шекарашылары арашалап қалды.

b5bdb272b51c57551cf8b7bea2b9addf28a4e5ef

Осы жылдың 10-қарашасы күні түс ауа 15 сағат 10 минут шамасында «Ақтөбе – Орынбор» бағытында келе жатқан жолаушылар автобусына шекаралық бақылау жасаған «Жайсаң – авто» бақылау-өткізу бекетінің шекарашыларына 1996 жылы туылған «Диана» есімді қазақстандық азаматша жекебас куәлігімен қоса жол жүру билетін де ұсынды.

Кенеттен шекарашылардың көзі жол жүру билетіндегі «помогите!» деген жазуға түсе кетті. Отан сақшылары жағдайды бірден түсіне қойды. Қыздың қимылы да баяу, өзі әлденеден қорқатын сияқты. «Құжаттарыңыз дұрыс емес» деген сылтаумен шекарашылар қызды автобустан түсіріп алып қалды.

Шекаралық бақылау-өткізу бекетінің ғимаратына кіргеннен кейін «помогите!» деген жазуға байланысты оқиғаны қыздың өзі-ақ айтып берді. Ауылдан жұмыс іздеп келе жатқан қызға екі жігіт жолығады. Олардың біреуі одан сағат сұрайды. Қолсөмкесін ашып, ұялы телефонын алып жатқан кезде әлгілердің біреуі телефонды тартып алып, қызды оңаша алып шығып, соққыға жығады. Бағынбаған қызға пышақ көрсетіп, ол пышақпен білегінен бастап шынтағына дейін тіліп жібереді. Сөйтеді де, егер өмір сүргісі келсе автобусқа билет алып, Ресейге бару керектігін, ал ол жақта оны әлдебіреулердің күтіп алатындығын айтады. Қорқаулар, автобуста өздерінің адамының бар екендігін де ескертіп қызды әбден қорқытып қояды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша материалдар Мәртөк аудандық ішкі істер бөліміне берілді. Ал жолаушы қыз қазақстандық шекарашыларға шексіз алғысын білдірді.

Талқылау