Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісік ауруына шалдығады

Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісік ауруына шалдығады. Алайда бүлдіршіндерді түгелдей, өлім аузынан аман алып қалу мүмкін болмай тұр. Десе де аты жаман аурудың ағзадағы дамуын тоқтатып қана қоймай, құлан таза айығып кетуге де болады. Ал ол үшін ең бастысы уақытылы ем алу қажет.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қатерлі ісік ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді жазып шығу оңай емес. Десек те, індет ертерек анықталып жатса баланың құлан-таза айығып, ел қатарына қосылып кетуі әбден мүмкін. Марғиза Қараитова немересі Наинаның лейкоз ауруына 9 жасында душар болғанын айтады. Әжесі бір жылдам астам уақыт немересімен бірге онкологиялық ауруханада жатып, барлық тиісті емді алып шығады. Бүгінде жасы 14-ке келген жасөспірім қатерлі ісікті жеңіп, достарынан қалмай мектепке барып жүр.

«Химиясын алдық, ақырын-ақырын бала бері қарады. Онда жатқандағы қиыншылығымыз енді адам басына бермесін, бірақ сондай аурудан шығарып алғанға бір жағынан өзімізге де қуанышты, екінші жағынан медиктерге де көп рақмет», – дейді әжесі Марғиза Қараитова.

Қазақстанда онкологиялық диспансерлерде 4 мыңға жуық бала есепте тұр. Олар үшін емдік-шаралардың барлығы тегін. Алайда онкологтардың айтуынша, науқастардың 70 пайызында ауру 3-4 сатыға жеткенде ғана анықталып жатады.

Қатерлі ісік ауруы кез-келген аурудың астарында жатуы мүмкін. Тіпті қарапайым дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, баланың  қайта-қайта ұйықтай беруі, сабақ үлгерімінің төмендеп кетуі –  аурудың алғышарттары болуы ықтимал. Баланың денесінен кез-келген ісік, лимфалық түйіндердің өсуін байқағанда дереу дәрігерге қаралу керек. Ең бастысы ата-аналарға айтарым, ешқашан ауырған баланы өз бетімен емдеуге болмайды.

Бұл театрландырылған қойылымның барлық жас әртістері  – қатерлі ісік ауруына шалдыққан балғындар. Балалардың өмір сүруге деген үлкен  құштарлығы, ата-ананың қайсарлығы мен төзімі әрі уақтылы білікті медициналық көмек –  болашаққа үміт сыйлайды.

Сол үміт балаларды өмір сахнасына қайта әкеледі.

Оқи отырыңыз:

Көкшетау тұрғыны ғаламторда дәрігердің қарамағанын жазғаны үшін сотта кінәлі болды

«Оскарды» ұтқан әйгілі гримерді Назарбаев туралы фильм түсіріліміне шақыртты

Бағдат Мусин: Қазіргі жастар 4 жыл тайраңдап бос жүреді, тек диплом алса болды

Ақтөбеде дін жолында жүрген ата-аналар намаз оқитын таксист іздейді

Талқылау