Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан бүгін теракт құрбандарына аза тұтады

Өткен жексенбіде Ақтөбеде болған қанды оқиғаға байланысты бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні.

Безымянный

Сурет ҚазАқпарат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен 9 маусым қаралы күн деп жарияланды. Бұл күні барша халқымыз 5 мамырда қанды оқиға салдарынан қаза болған боздақтарды қайғыра еске алатын болады, еліміз ойын-сауық шараларынан бас тартып, Қазақстан халқының бірлігі мен болашағы туралы терең-терең ойлар айтылады.

Өткен жексенбіде Ақтөбеде қанды қол қылмыскерлердің әрекетінен адамдардың өмірі қиылды, бірқатары ауыр жарақат алды. Бір топ лаңкес мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталар сәтте елдің тыныштығын бұзды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласында болған террористік актілерге байланысты жасаған мәлімдемесінде лаңкестер заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатынын қадап айтты.

“Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда” ,- деді Елбасы

Мемлекет басшысы ел іші бүтін болмаса, ел де болмайтынын, қазір – нағыз елім, жерім деген отансүйгіштікті көрсететін уақыт екенін қадап айтты.

“Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді. Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім – ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз. Мен Қазақстан халқы дүниедегі дағдарыс және бүгінгідей жауапты шақта тағы да барша әлемге елдігі мен бірлігін паш етеріне сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”,-деді Елбасы.

Ақтөбеде 5 маусымда лаңкестік салдарынан қаза тапқан 7 адам – бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілердің есімдері:

Андрей Максименко – “Паллада” дүкенінің сатушысы , 1972 жылы туған;

Николай Александрович Онищенко – Зейнеткер, 1947 жылы туған (“Паллада” маңынан өтіп бара жатқан);

МерханТәжібаев – “Күзет” қызметінің қызметкері, 1983 жылы туған;

Михаил Матросов – “Пантера” дүкеніне келуші, 1981 жылы туған;

Сапар Досбол – Әскери қызметші, ОҚО тумасы, 1997 жылы туған;

Даниэль Майлыбаев – Әскери қызметші, алматылық, 1975 жылы туған;

Берік Қалиев – Әскери қызметші , БҚО тумасы, 1978 жылы туған.

Талқылау