Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қазақстан халықтары ассамблесының сессиясы кезінде жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиғалар болып жатқанын айтып, біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

“Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлдем жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды”, – деді ол. 

Айтуынша, тіл – көп мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр.

“Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін.

Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Бүгін осындай бірқатар азаматқа марапат тапсырылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясының отырысы басталды. Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмағанын айтты. 

Талқылау