Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Картопты дұрыс қуыра білесіз бе?

Қуырылған картопты ұнатпайтын адам жоқ-ау, сірә. Тіпті денсаулыққа зиянды дейтіндердің өзі оны сүйіп жейді. Десе де кей-кейде қызара қуырылған картоптың қайталанбас дәмін татуға тұрарлық.

kartofel

Ал дәмді әрі қытырлаған картоп қуырудың өзіндік тәсілдері мен қулықтары бар.

№1 қағида

Картопты тазалап, турағаннан кейін міндетті түрде суық суға салып қою қажет. Картоп түйнегінен крахмал бөлініп шығу үшін судың суық болғаны маңызды. Егер су жылы не ыстық болса, крахмал картоптың бойында қалып, қуырғанда жұмсарып, езіліп кетеді. Крахмал картоптың қызара қуырылуына кедергі жасайды. Сондықтан картопты суға салып қою арқылы одан арылу тырысқаныңыз жөн. Картоп қаншалықты жас болса, соншалық ұзақ суда ұстау керек. Ең дұрысы, 30 минутқа не бір сағат суда ұстаңыз.

№2 қағида

Суда ұстағаннан кейін картопты әбден құрғатып алған жөн. Дұрысы, картопты кепсерге салып, артынша қағаз майлықпен құрғатыңыз. Бұл ретте кәдімгі кенеп майлықты да қолдануыңызға болады. Картоп құрғақ болуы тиіс, себебі артық ылғал картоптың қызарған әрі қытырлақ қабатының түзілуіне кедергі жасайды.

№3 қағида

Таба мен майды әбден қыздырып алыңыз. Оған қоса майды аямаңыз. Табадағы майға картоптың батып тұрғаны дұрыс. Көпшілік сүйіп жейтін фри картобын әзірлеу үшін майдың көп мөлшерде құйылатынын ұмытпаңыз.

№4 қағида

Тұз бен дәмдеуіштерді картоп әбден дайын болғаннан кейін ғана қосқаныңыз абзал. Егер қуырылып жатқан уақытта тұз қоссаңыз, ол ылғалдық береді. Картоп дайын болған соң оны кәкпірмен ыдысқа салып алыңыз. Ол артық майдың сорғалауына мүмкіндік береді. Мұнан кейін тұздап, дәмдеуіштер қосыңыз.

№5 қағида

Қуыру барысында табаның қақпағын жабудың қажеті жоқ. Картоп қызарып, қытырлаған картоп әзірлегіңіз келсе, табаны ашық қалдыруды естен шығармағайсыз.

№6 қағида

Табаға картопты аз мөлшерде салған дұрыс. 2-3 қабаттан асырмауға тырысыңыз.

«Дәмді» кеңестер:

Картоптың хош иіс, ерекше дәмге ие болғанын қалайсыз ба? Онда картопты қуырар алдында қызып тұрған майға бірнеше тісше сарымсақты қырып алыңыз. Қызарғаннан кейін алып тастап, табаға картопты салыңыз. Егер қызыған майға гүлшетен бұтақшасын салып жіберіп, бірнеше минут ұстасаңыз, картоп тамсандырар дәмі айрықша ләззат сыйлайды.

Талқылау