Гүлназ Әлімгерей: Немересіне орысша сөйлеп отырған ата-әжелерді көріп жаным ашиды

Ұлттық арнаның тікелей эфирінен күнделікті жаңалық жеткізіп отыратын Гүлназ Әлімгерейді кез-келген отбасы жақсы таниды. Тележүргізушінің кадрдан тыс өмірі де белсенді. Төрт баланың анасы, шаңырақтың берекесін кіргізіп, ата-ененің күйін тауып қана қоймай, бірнеше бизнестің басын алып жүрген қазақтың қарапайым қызы талай жас қыз-келіншекке үлгі. Жақында ғана әлеуметтік желі оқырмандарын жағымды жаңалықпен қуантқан «диктор ханым», Астанада медиа мектеп ашқалы жатыр деп естідік.

Мұны естіген Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі, оны жаңа бастамамен құттықтауға асықты. Көптен бері журналистерге сұқбат бермей жүрген Гүлназ Әлімгерейдің ашық әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

– Жаңалықтар жүргізушісі болудың жауапкершілігі орасан зор. Оның ішінде тыңдарманға әр жаңалықты түрлі стильде, яғни сендіру, жұбату, қуану секілді эмоциялар арқылы жеткізу – дикторға қойылатын бірден-бір талап екенін білеміз. Үнемі сабырлы, күлімдеп отырасыз эфирде. Өмірде де дәл солай сияқты. Сырт көзге мүлдем ашуланбайтын адам болып көрінесіз. Шын мәнінде қандай адамсыз?

– Негізі,  бойымда бір адамдай мінез бар деп айта аламын /күліп/.  «Мінезсіз адамнан қорқыңдар!» деп Бауыржан Момышұлы ағамыз айтқандай, тек жөнімен ашуланатын кездер болады. Эмоцияға бой алдырмауға тырысамын. Әсіресе, уәдесінде тұрмайтын адамдарға көңілім құлазиды. Меніңше, егер адам рухани әрі тәрбие жағынан ақсай бастаса, эмоцияға ерік береді. Менде тік мінезділік бар. Бір жерде шындық айтылмай жатса, әділетсіздік орын алса, оңайлықпен шыдап тұра алмаймын, шыны керек. Міне, ондай кезде эмоцияға бой алдырасың.  Және мен қолымнан келетін іске ғана жауапкершілік алатын адаммын. Ал, қазір, өзіне көп алып, артынша, сөзінен тайқып, уәдесін бұзатындар өте көп. Бұл менің ең жек көретін қасиетім.

– Медиа саласындағы әріптестеріңіз, оның ішінде жаңалық жүргізушілерінің дені ел ішінде танылуға ұмтылып, өздерін жан-жақты жарнамалап жүргенін жиі естіп те көріп те жатамыз. Ал, сізде, керісінше. Гүлназдың немен айналысып жүргенін білу өте қиын. Неге? Неден қорқасыз?

– Мен негізі, біреу орнымнан қозғамаса, оңайлықпен қозғалмайтын адаммын. Ал, маған стимул беретін – ол менің жан-жарым. Елорда төңірегінде алғаш болып, медиа мектеп ашқан, мына біз едік. Осы ретте де, «сенің қолыңнан келеді», «сен жасай аласың» деп қолдау көрсеткен жұбайым Нұрділдә болды. Сол сияқты, мені үнемі біреу түрту керек, намысыма тию керек. Сонда ғана мен қозғалып, «тау қопара» бастаймын. Кейде ойлаймын, қазір азды-көпті танылғаным да бар, жиған жеткілікті тәжірибем де  бар, шет елде білім алдым дегендей, егер менің орнымда басқа адам болса, баяғыда бірнеше бизнестің көзін ашып тастар ма еді, деп?! Бәлкім, «босандым» деп, соған да ысыра салғаным болар, кішкене үзілістен кейін, жаратушы екі перзентті қосақтап беріп, баланың иісін сағынып қалғанмын ба, жинала алмай, біраз жүріп қалдым. Сосын, менің бойымда ұяңдық басым. Үлкеннің алдын кеспеу, артық, ретсіз сөйлемеу секілді тәрбие, қанша дегенмен жібермей тұрады. Әрине, «бұйырған дүние, бұйырар» деп жүре береміз-ау, десе де, кәсіпті дөңгелетуде, кейде маған қайсарлық пен өжеттік жетіспей жатады, оны мойындаймын.

– Белгілі журналист, продюсер Ақбаян Сапарбаева жақында әлеуметтік парақшасына сізді жаңа қырыңыздан, яғни ток-шоулар мен көңілді форматтарда көргісі келетіні туралы жазған еді…бұл ойға қалай қарайсыз?

– Иә, Ақбаян өте сыйлайтын әріптесім. Қашан да шынайы ықыласын білдіріп отырады, тілеулес. Осы жақында кездесіп, жақсы әңгіме-дүкен құрған едік. Сол кезде «Кезінде жаңалықтармен қатар, «Қазақтың 100 әні» жобасын қатар алып жүрдің. Тағы да бір жобалар жүргізсең, артық емес қой?!» деген ойлар айтты. Ақбаянның сол сөзінен кейін, «халықтың пікірін білейінші» деп, мен де әлеуметтік парақшам арқылы сауалнама жүргізіп көрдім. Коментарийлерден бөлек, жекеге жазып, пікір қалдырғандар да аз болмады. Түсінгенім, көрермен мені басқа форматта да қабылдай алатын сияқты. Егер көңілімнен шығатын ұсыныстар түсіп жатса неге өзімді сынап көрмеске?!

– Сізді сәтті тұрмыс құрған қыздардың тізіміне енгізеді көпшілік. Жұбайыңыз жақсы қызметтегі лауазымды, құрметті адам. Жоғарыда маған ықпал етуге шебер деп айтып қалдыңыз,  дегенмен кез-келген мықты ер азаматтың артында ақылды әйел тұратынын жақсы білеміз…өз миссияңызды орындауда қандай қағидалар ұстанасыз?

– Инстаграм парақшама онымен түскен бір фото сала қалсам, көп адам «жолдасыңыздан аумайсыз» деп жазып жатады. Түріміз, мимикамыз, сөйлеген сөзіміз, барлығы ұқсап кеткен. Ол не деген сөз, екеуіміз уақыт өте келе, бір ұстаздың қолынан шыққан шәкірт сияқты болып келе жатырмыз. Бұл – бір-бірімізді тәрбиелеудің нәтижесінде болған дүние. «Сәтті тұрмысқа шығу» деп жатсыз, ел сүйсінетін әдемі жұп екенбіз, ендеше, соған лайық, сыйластық, махаббатты сақтап қалу керек қой. Қазір маған арқасүйерімнен артық құрбы жоқ. Екеумізге ортақ сыр көп, әңгіме жетеді. Барлығын ақылдасып шешеміз. Мысалы, бүгінгі сұқбатты да мен сол кісінің келісімін алып, беріп отырмын. «Шашыңызды қалайша кесіп тастадыңыз» деп жиі сұрайтындар бар. Оның өзін Нұрділдәның рұқсатынсыз жасамаймын. Қазір ер-азаматтарын сыйлаудан қалған қатарластарым көп. Көпке топырақ шашуға қорқамын. Дегенмен, Алланың еркек атаулыны әйелден бір саты жоғары ғып жаратқаны хадисте тұр емес пе?! Кесіп айтатын болсаң, отбасылық қарым-қатынаста проблема көбейеді, ауызбіршілік жоғалады. Біз бәрібір нәзік жанбыз. Біз еркелеуіміз керек, біз ер азаматтарға арқа сүйеуіміз керек. Бүгін әйел мен еркектің ролі ауысып кетіп жатыр. Бұл заман өзгерді деген сөз. Бірақ, қоғамды тәрбиелейтін өзіміз. Үйдегі баламыз, артымыздан ерген ұрпаққа қалай тәрбие береміз, әр қайсымыз басымызбен алысып жатсақ?!

– Сөзіңізге қарап, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетініңізді байқадым. Ұстанатын қағидаларыңыз бар ма?

– Кейде шұрайлы тілін шұбарлап, балаға орынсыз орысша сөйлеп отырған ата-әжелерді көріп, ішім удай ашиды. Біз, әдетте, «теледидардан көргенін істеп жүр, достарына ерді» деп жатамыз. Үйде дұрыс болу керек, бар тәрбие. Біздің балалар қазақша біледі. Орысшаны үйреніп алды. Теледидары бар, даласы бар, мектебінде шүлдірлеп жүр барлығы. Біздің мақсатымыз – оларға көп тілді үйрету. Бірақ, қазақ тілі – бірінші орында тұруы тиіс. Бала деген психолог, ол барлығын көзбен көріп,  әке мен шешенің қарым-қатынасы қандай болу керек, ата мен әже қандай болу керек бәрін біледі. Сол үшін баланың дұрыс болғанын қаласақ өзіміздің іс-әрекетімізді жөндеп алуымыз қажет.

– Шет елде білім алдым деп жатсыз, білуімше, соңғы кішкентайларыңыз да мұхиттың арғы бетінде дүниеге келді. Өзге елдің бала тәрбиесін жүргізудегі артықшылықтары мен ерекшеліктерін байқаған боларсыз?!

– Артықшылықтары – олар баламен көп жұмыс істейді. Баламен етене жақын араласады. Өйткені, оларда басқа шаруа жоқ. Ал, бізде қалай, қайран қазағым бәрінің көңілін табуға тырысады ғой, тойды жасауымыз керек, мерейтой атқару керек, баланың шілдеханасы, тұсаукесері бар,  бір сөзбен айтқанда, барлық жерге үлгеруіміз керек. Ысырапшылдық емей немене?! Бірақ біз бұны өзгерте алмаймыз. Дегенмен баланың көңілін аулауды да, оған бақытты балалық жасауды да тасада қалдырмағанымыз жөн ғой. Америкада Нұрділдә балаларымен өте қатты жақындасты. Себебі, бос уақыты көп болды. Барлық үйірмелерге өзі апарып, жіті қадағалады. Балалар да оған ашылды. Ал, елге келгеннен кейін жұмыс деп қайта баяғы қалпымызға түскенде, балалардың аздап ренжігені болды.

– Сізде төрт бала, бір анадан туғанмен төртеуінің мінезі төрт түрлі болар?! Бірде әлеуметтік желіге ұлыңыз Нұрасылдың суретін салдыңыз. Көпшілік балаңыздың сымбатты жігіт болып өсіп келе жатқанын байқады, тіпті жазып та жатты. Балаларыңызға жеке-жеке тоқталайықшы…

– Әркімге өз баласы әппақ, әрі әдемі ғой! Нұрасыл, расымен сымбатты болып өсіп келе жатыр. Бірді-екілі киноға түскені бар. Әжесі тілі тақылдап шыққаннан бастап, «осы немерем актер болады» деп отыратын.  Мінезіне келетін болсақ, Нұрасыл өте жұмсақ. Әкесі де баласының сондай мінезі барын біледі. Өзінің интернатта өскені бар, Америкадан келгеннен кейін, Нұрділдә: «бала КТЛ-ға оқуға түседі, Астана емес, жырақта жүріп оқуы керек» деді. Мен аздап «шок» болып қалдым. Бірақ, қарсылық білдірмедім. Бала жырақта оқыса, пісетін  шығар деп шешіп, рейтинг жағынан жоғары тұрған Ақтөбедегі оқу мектебіне тоқталдық. Үйден жырақта болса да Нұрасыл қазір әкесімен электронды хат арқылы сөйлесіп жүр. Екеуі сонда бір-біріне сыр ақтарады, тіпті, бірге жарысып кітап оқиды. Ал, Ділназым, бізде ерке. Әулетте, Нұрділданың бір ғана қарындасы бар. Қалғаны үш ұл болған. Енем де, менің анам да қыздан жалғыз. Ділназым дүниеге келгенде ерекше қуандық. Қазір қызым мәнерлеп оқу сайыстарынан жүлделі орындар алып жүр. Бізде көпбалалы отбасы болу деген арман болатын. Араға жеті жыл салып, Мәриямды Америкада жүргенде көтердім. Тілегімізді, Алла естіп, іле-шала Айшамыз да  дүниеге келді. Аралары бір жарым жыл. Бүгін, міне, екі кішкентайдың қызығын қызықтап жүрген жайымыз бар. Мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз…

– Қалай күтінесіз?

– Мен бетімді тартып, ине салып көрген емеспін. Өзім боянамын үйде. Тырнаққа міндетті түрде күтім керек, сол үшін салондарға барып тұрамын. Бетке келетін болсам, жақсы косметолог болса, қазір барар едім. Жас отыздан асты, күтім керек. Шашымды да боятпаймын. Себебі, әлі ақ түскен жоқ. Сол үшін керек емес, әзірге. Кірпік жалғамаймын. Еш жеріме ота жасатпадым, айнаға көп қарамаймын. Ұстазымыз Үмбетбай Уайдин айтатын еді, «әдемі жүріңдер, әдемі күліңдер» деп, сол сияқты бір қараймын, жалпы дұрыс болса, жүре беремін. Менің ойымша, әдемі қартая білу керек және қартаюды да қабылдай алу керек. Соңғы кезде байқаймын, қартайғысы келмейтін, әже болғысы келмейтін кісілер бар. Мен таң қаламын ондай дүниеге.

– Шет елге шығу – толық бір кітапты оқып шыққанмен тең деп жатады. Америка сіздерге не берді, неге үйретті?

– Келісемін, расымен бір кітап болатындай дүние алып келдік. Қазір бұрынғыдай өлермендік жоқ, барлығына байыппен қарауды үйрендік. Біздің оқуымыз біткен жоқ. Алда оны жалғастыру ойда бар. Көкжиегің кеңейеді. Өзге мәдениет, өзге адамдар, өзге қарым-қатынас, мүлдем өзге. Табиғатының да тылсымы бар. Қажетін алып, игеріп, керек емесін қалдырдық. Енді осының бәрін жүрген жерімізде бөлісіп, қоғамның алға ілгерілеуі үшін үлес қылып қоссақ деген мақсат бар. «Болашақпен» оқып келген біраз құрбы-құрдас бар. Соның бәрі бір тамшы үлесін қосса, қоғамның жаңаруы да, көркеюі де алыс емес деп ойлаймын.

– Шет елде білім алып жүрген Гүлназдың посттары – нағыз патриоттың жазбалары дер едім. Соған қарағанда елді қатты сағынған сияқтысыз-ау…

– Ол жақта жүргенде патриоттық сезім мың есе артады. Жырақта жүріп сағынудың орны бөлек. Ол бөлек континет, бөлек мұхит. Сондықтан, туған жерді сағынбай тұру мүмкін емес. Тіпті, Нұрділдә, «елге оралсам, топырпақты тізерлеп отырып сүйем» деген болатын. Біз бір жарым жылдай елде болмадық. Аллаға шүкір Америкаға сапар бізге басымызға бас қосып, бар жақсылығымен оралуға нәсіп етті. Елге келгенде Нұрділдә сөзінде тұрып, маңдайын табанындағы туған топыраққа тигізді. Біз барлық облысты аралап, бауырларды іздеп, ағайынмен қауыштық. Достарымызбен жолықтық. Әкелген білім «багажымен» бөлістік. Шынымен, өте қатты сағындық.

– «Гүлназ медиа мектебін қайта ашты» деп қуанып жатқандар көп. Бұл орталықтың жұмысы қашан басталмақ?

– Бұл жолы бағытымызды балаларға қарай бұрып отырмыз. Себебі, сұраныс сондай. Шет елде білім алып келгенім бар мектеп-студия өз жұмысын жалғастырады. Алдымен ағылшын тіліне үлкен мән беріп отырмыз, ҰБТ, ҚТЛ, НЗМ-ге баланы дайындау курстары да бар, үшінші бағыт – жрналистика. Онда мен жеке сабақтар беремін. Дауыс қою, сөйлеу мәнері, имидж, стиль сияқты жұмыстарға көңіл бөлінбек. Жұмысты әрі қарай жалғастыратыным туралы жарнама берілді. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Қайырымдылықпен айналысасыз ба?

– Айналысамын. Жекеге шығып, жүзіңіз сондай мейірімді деп, аяқ-қолы жоқтар былай тұрсын, он екі мүшесі сау адамдар да көмек сұрайды. Несиемді төлеп бер дейтіндер болады. Пәтерімді төлей алмай отырмын деп хабарласатындар бар. Сіздің үстіңіздегі киімді мен де кигім келеді дейді. Шамамен, осындай пікірлер жиі түседі. Кейде беріп жіберем, кейде бірақ жазам. Айтады ғой, алдымен бауырыңды жарылқа деп. Соларға да мен қайырымдылық жасауым керек деп түсіндіруге тура келеді.

– Соңғы сұрағым, уақытты қалай жоспарлайсыз. Осыншама, шаруаға қалай үлегерсіз?

– Уақыт жетпейді. Дегенмен, уақыттың жоқ болғанына да қуану керек. Бірақ, мен ойлаймын, үлгермесем, ертең жұрт күледі. Кезінде аналарымыз үлгерді ғой, бәріне. Есімде, түстің уақытында анамыз жұмыстан жүгіріп келіп, малын жайлап, бізге көңіл бөліп, қонағына дастарханын жайып үлгеретін. Анамның үйде отырғанын көрген емеспін. Анам да, енем де жұмыста. Нұрділдә да мені үйде отырғызып қойғысы келмейді. Бірақ, «бәріне үлгер!» дейді. Сол себепті мен де  өзімше  жан-жаққа жүгіріп, уақытымды жеткізуге тырысып бағамын.

– Гүлназ, жаңа бастамамен тағы да құттықтаймын. Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге мың алғыс. Рахмет.

– Сіздерге де рахмет.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Ата-анам танымай қалды: “Қалаулымның” экс-қатысушысы шоудан кетуінің себебін ашып айтты

Жасырған едік: Майғазиевтің анасы келінінің жүкті екенін түс көріп білген

Өздері ақша тапсын: Миллионер Қайрат Құдайберген балаларына ақша беруден бас тартты

Мейрамбек Бесбаевқа Лондонға тегін жолдама сыйлаған кім (фото, видео)

3 жасқа дейін көрсетпейміз: Қыдырәлі мен Қарақат қыздарының тұсаукесерін қалай өткізбек

 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
21.10.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар