Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ербол Отыншынов: Қазіргі балуандардың жігері әлсіз, намысқа тырыспайды

Грек-рим күресі дегенде мақтанып айтар балуандарымыз баршылық. Елімізді әлемге танытқан Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлыханов қазақ деген елдің тегіннен тегін жауынгер халық атанбағанын дәлелдеп берген болатын. Кейін олардың ізін Бақтияр Байсейітов, Юрий Мельниченко, Мхитар Манукян сынды талантты балуандар басты. Бірақ соңғы 10-15 жылдың көлемінде классиктер арасынан олимпиада мен әлем чемпионын шығару мұңға айналды.

Бұл туралы baq.kz жазады.

Тіпті чемпион атанбақ тұрмақ, жүлдегер болудың өзін сағынатын күнге жеттік. Бір кездері ұлттық құраманың көшбасшысына айналған Алмат Кебіспаев, Нұрмұхан Тынәлиев, Дархан Баяхметовтар Азия құрлығында олжа салғанымен, әлемдік деңгейде шабандап қалып жатады. Олардың өзі қазір «зейнет» жасына жетіп отыр. Осы ретте көкейдегі көп сауалды Алматы қаласы бойынша аға жаттықтырушы, кезінде талантты балуандардың бірі болған Ербол Отыншыновқа қойып көрдік.

Балуандарымыздың көрсеткіші көңіл көншітіп жүрген жоқ. Олимпиада мен әлем чемпионаттарында топ жармағалы да қаншама жыл өтті. Біздің күрес шеберлеріне не жетіспей жүр?

Бірінші кезекте балуандардың тамақ мәселесін реттеу керек. Яғни, диетолог маман керек. Ол диетолог оқу-жаттығу жиындарына спортшылармен бірге барып, тамақтың құнарлылығын тексергені жөн. Кім біледі, мүмкін біздің балуандар пайдасы жоқ тамақтарды да ішіп жатқан шығар. Спортшылар жаттығу жасап, күресіп терлеген кезде денедегі кальций шығып кетеді. Ал нәрлі, пайдалы тамақтар соның орнын толтыру керек. Ал ол болмағаннан кейін адам жалығып, көңіл-күйі болмайды. Екінші керек нәрсе – дәрігер мен психолог. Психолог спортшыға бәрін түсіндіру керек. «Сен неге көңілсіз тұрсың, жағдайың жақсы ма» деп сұрап, түрлі психологиялық тестер ұйымдастырып, спортшының нәтижесіне үлес қосуы тиіс. Мықты, білікті психологтар спортшының жағдайының қаншалықты жайлы немесе жайсыз екенін бір көзқарастан-ақ аңғара алады. Одан кейін ол спортшымен мәселені шешуді өзі қолға алады немесе барып бапкеріне айтады. Ал дәрігер спортшының денсаулығына толыққанды бақылау жасап, қажет кезінде қажетті витаминдерді ұсынып, иглотерапияны да қолдана алуы шарт. Мысалы, шетелде жарақат алып қалсаң, жүгіріп келіп ине қояды, ол қанды тез айналдырып жібереді.

Осыған ұқсас жағдайлар спортшы кезіңізде өз басыңыздан өтті ме?

Бірде Қытайда жаттығу жасап жатып құлап қалдым. Өте ауыр болды. Есімді жисам, басымда жиырма шақты ине тұр. Жерге қарақұспен түскен едім. Ал Қазақстанда солай құласаң, алты айға шеттейсің, ал алты айдан соң күресті тастап кетесің. Міне, осындай спорттық медицинаны бізде жетілдірмей, күрес жеткілікті деңгейде дамымайды. Дегенмен, осы нәрселер бізде жетіспейді екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Айналып келгенде салмақ қуа алмай қалдым, төрешілер бұра тартты, дәрігер жоқ дегеннің бәрі біздің «ұлттық» сылтауға айналып бара жатыр. Мысалы, кубалық балуан Баррераны алайықшы. Қай жарыс болмасын үнемі сол чемпион. Белдесу аяқталуға 30 секунд қалған кезде қарасаң, ол ентігіп те тұрған жоқ. Допинг ішті деп айтайын десең, Кубада допинг тұрмақ тамағын әзер тауып ішеді.

Демек, ол физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да дайын болғаны ғой?

Иә, бәрі үйлесім тауып тұр. Ешқашан еңсесін төмен салмайды, басын төмен түсірмейді. Тік күресіп жүріп бәрін жапырады. Сондықтан дәрігер, диетолог, психолог мұның бәрі қосымша факторлар. Сосын айта кетерлік тағы бір нәрсе, жылына 360 күн болса, балуандар соның 200 күнін оқу-жаттығуда өткізеді. Балалар одан жалығып кеткен. Ал спортшылар оқу-жаттығу деген нәрсеге аңсап, асығып жетуі керек қой. Сондықтан қит етсе, балаларды сыртқа, тауға алып кетудің керегі шамалы. Алматының қақ ортасында спорттық базалар, спорт кешендері баршылық. Сол жерде таңнан кешке дейін дайындасын. Арасында үш сағат уақыт берсін. Анда-мында барып, бой сергітіп, қыдырып келгенге. Яғни, балуан бір уақ спорт туралы ұмыту керек. Спортшының қабілетін арттырып, ынтасын бекітетін тағы бір дүние – оның ішкі интелегентінің мықты болуы. Мәселен, Дәулет Тұрлыханов ағамыз бұрын қашан көрсек кітап оқып жүретін. Кітап оқыған адам да ақыл-ой жоғары деңгейде дамиды. Ал ақыл-ойы жүйрік адам қарсыласынан қалай басым түсу керектігін біліп тұрады. Айлакерлігі артады деген сөз. Үш олимпиадаға қатысқан Дәулет ағамыздың бір сылтауын естімейтінбіз. Керек десеңіз, Барселона олимпиадасында көзіне қарсыластың саусағы кіріп кеткен. Оны ешкімге жария қылған жоқ. Сонда да соңына дейін күресіп шықты. 48 келіде күрескен Жақсылық ағамызды алайық. Қандай қиын сәттерді басынан өткерді. Бір ғана мысал – 10 жыл бойы 10 келіні қуалау деген ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе.

Қараңызшы, 2000 жылдарға дейін біз жап-жақсы күресіп келдік. Олимпиададан да, басқа да халықаралық жарыстан да жүлде, оның ішінде алтын алатынбыз. Ал жаңа ғасыр басталғалы бері тәуір нәтижеге қол жеткізу арман болып кетті. Мұның себебі неде сонда?

1996 жылдары қазіргідей қаражат бөлінген жоқ. 2000 жылдарға дейін жүлде алып берген балуандар Кеңес мектебінен өткендер. Сосын ол жылдары Дәулет ағамыздың өзі бастап күнде залдан табылатын. Ол кісінің жүруінің өзі спортшыларға ерекше рух береді. Сосын кезінде КСРО құрамасын баптаған Геннадий Сапунов, Владимир Псаревтер жүрді қасымызда. Міне, осындай білікті мамандар тәлім берді. Әр белдесуді бақылап, қадағалап, талқылап, талдап отыратын. Ал қазіргі жігіттерде шынын айту керек жігер, намыс төмен. Біздің спортшылар финалға шықса болды, өз-өздерін тастап жіберетіндей. Күміске қанағат ете салады. Бұл үлкен кемшілік. Кезінде Бақтияр Байсейітов, Юрий Мельниченколар халықаралық аренада қарсылас шақ келтірмейтін. Алдарына тек жеңіс деген мақсат қояды және соны орындайды. Дәулет ағамыз спортты қойып жүрген кезінің өзінде Азияны барып ұтып келетін. Ол кезде біз «Достық» кешенінде дайындалдық. Ал оқу-жаттығу дегеніңіз жылына үш рет қана болатын. Сол үш рет келетін жиынды қатты сағынатынбыз. Ол біз үшін мейрам іспетті еді. Қаншама жағдай жасалып жатыр, біздің күрес сонда да алға жылжымай тұр. Бір кесеге су құйып терезенің алдына қойып кетіп, бес күннен соң барып қараңызшы. Әлгі су сасып кетеді. Сол сияқты біз де қазір бір орында тұрмыз. Ағыс, қозғалыс, ұмтылыс жоқ.

Олимпиада ойындарына үш жыл қалды. Команданы жасартып үлгереміз бе?

Кеше әлем чемпионатында күміс алған Жадраев 27 жаста. Үш жылдан соң 30-ға келеді. Отыздағы жігіт пен қазіргі жағдайының арасында айырмашылық болатыны анық. Сол сияқты құрамадағы көптеген жігіттің жасы біразға келіп қалды. Ал біз олимпиадаға жанып тұрған, көздерінде от бар, жасы 20-25 маңайындағы балуандарды алып баруымыз керек. Сонда нәтиже болады. Әрине үлкен жас пен тәжірибенің де рөл ойнап кететіні бар. Бірақ, әлемдік тәжірибеде көбіне жастарға иек артады, ол нәтиже беретіні дәлелденген фактор. Бізде де талантты жастар бар. Бекен Мерейов, Сейдахметов, Шадукаев, сосын 130 келіде Марлен деген қазақ бала бар. Соларды жарыстан жарысқа қуалап, айналдырып, тәжірибелерін толыстыру керек.

Жақсылық аға бір сөзінде «бізге бапкер былай істе, олай істе деген жоқ. Өзіміз кілемге жігерімізді жанып шықтық» деп айтып еді. Жалпы күресте бапкердің берген тапсырмасы мен үйреткен әдіс-тәсілі қаншалықты рөл ойнайды?

Баланың өзінде ұмтылыс болу керек. Әрине, бапкер айтуын айтады. Мәселен, кеше әлем чемпионатында күміс алған Демеу Жадыраев Боранбек ағаның шәкірті. Өйткені үнемі қасында, анау жерің былай, мына тұсыңды дұрыста деп айтып отырады сәт сайын. Сол Боранбек Қоңыратов аға кеше Парижге бармай қалды. Мен ойлаймын, егер ағаның өзі барғанда Демеу мүмкін алтын алар ма еді деп. Өйткені ол кісі не айтса, сол Демеу үшін заң. Дегенмен балуан өз-өзін дайындап, қарсыласымның менен еш артықшылығы жоқ, жеңе аламын деген сеніммен шыққаны жөн. Әсілінде күресті дамыту үшін қазір бізге көптеген клуб ашу керек еді. Өкінішке қарай, қазір бізде адам жоқ.

Мүмкін Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша тек алтын алғандарға ғана иек артпай, 3,4,5-орын алғандарды да оқу-жаттығу жиындарына шақыру керек шығар?

Иә, 1-орын мен 6-орынның арасындағылар Алматыда болуы керек. Базаны Алматыда қалыптастырған дұрыс. Қазір олай емес. Оқу-жаттығудан келген бала Алматыда қалмайды, өзінің Қостанайына кетеді делік. Пойызбен барамын дегенше екі күн әрі, екі күн бері сапарлап, ол өзінің бабын жоғалтып алады. Тағы 2-3 күн өз-өзін қалыпқа келтіруге кетеді. Бала жиған-тергендерінен осылай ажырап қалады. Жалпы алғанда өз басым еліміздегі грек-рим күресінің болашағы жарқын деп сенемін. Оған бұрынғы балуандарымыздан бастап, ортадағы Жақсылық, Дәулет ағаларымыз, кейінгі Бақтияр мен Әсеттер, одан беріде Нұрбақыттардың ерліктері дәлел. Солардың ізін басатын білекті, жүректі жігіттердің шығатыны анық. Солар әлемдік аренаға шығып, алтын еншілейтін сәтті асыға күтеміз.

Талқылау