Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді көпшілік орынға мас күйде келгендер қоғамдық жұмыстарға тартылады

Мәжілісте “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының жобасы бойынша қорытынды бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Әділет министрі Азамат Есқараевтың сөзінше, ұсынылған заң жобасының түзетулерін екі негізгі бағытқа бөлуге болады:

  • "Қоғамдық жұмыстарға тарту" әкімшілік жазаның жаңа түрін регламенттеу және оны орындау механизмін айқындау.
  • Әкімшілік-деликтік заңнамасын одан әрі жетілдіру.

Қазір қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдану қылмыстық заңнама шеңберінде орындалады. Қылмыстық-атқару кодексінің 24-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі жүзеге асырады.

Заң жобасында "қоғамдық жұмыстарға тарту" түріндегі әкімшілік жазаның орындалуын әкімдіктерге жүктеу көзделіп отыр.

Заң жобасында қоғамдық жұмыстарды 9 бап бойынша, оның ішінде 13-і әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бойынша қолдану ұсынылады. Нақтырақ айтсақ, ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) сияқты құқық бұзушылықтар бар. 

Қоғамдық жұмыстардың түрлері мен қоғамдық жұмыс орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін әкімдіктер (Қылмыстық кодекспен ұқсас) айқындайды. Сонымен қатар әкімдіктер:

  • сот қаулысы келіп түскен сәттен бастап құқық бұзушыны шақырады, оның жеке деректерін толтырады, оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді;
  • қоғамдық жұмыстарды орындау үшін адамдарды оларға жіберу туралы ұйымға хабарлама жібереді;
  • қоғамдық жұмыстарды орындау кестесі мен кезеңін жасайды;
  • құқық бұзушының қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
  • адамның қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы ішкі істер органдарын хабардар етеді.

Ұйымдар орындалған жұмыстардың актілерін жасайды, жұмыс істеген сағаттардың табелін жүргізеді; тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық жұмыстардың орындалу барысы туралы есеп береді.

Қоғамдық жұмыстар дегеніміз – қоғамға пайдалы еңбек, оның мақсаты –  құқық бұзушыны еңбек арқылы "тәрбиелеу" және қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаға, басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға бағытталған алдын алу шарасы.
Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаттары экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық істер қатарынан алып тастау және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру және жылыстату, сонымен қатар терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа алды. Соған сәйкес Қазақстанда кей экономикалық құқық бұзушылық қылмыстық істер қатарынан алынып тасталмақ.

Талқылау