Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дөнерге ақша сұраған": Ақтөбеде спорт мектебінде көз жұмған баланың ата-анасы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты

Жақында Ақтөбе қаласында Есет батыр атындағы спорт мектептің 8-сынып оқушысы көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Ол есінен танып құлап, жедел жәрдем көлгінде жан тапсырған. Sputnik Қазақстан тілшісі марқұмның әкесіне хабарласып, оқиғаның жай-жапсарын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мой город

Қайтыс болған жасөспірімнің әкесінің аты – Қайрат Қайназаров. Ол ұлының әлімжеттік құрбаны болғанына сенімді.

"Менің ұлым Бексұлтан – егіздің сыңары. Ұлдарымды Алла маған бес қыздан кейін дұғаларыма жауап ретінде жіберді. Егізім – Бексұлтан мен Ерсұлтан спорт мектебінде бірге оқыды. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберіне үміткер. 2022 жылы Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатына қабылданды. Бұл мекеме олимпиадалық резервте, балалар сонда оқиды және тұрады", – дейді Қайрат Қайназаров.

Қайғылы оқиға 11 сәуірде болған.

"Кешкі сағат 18:00-ден кейін жатақхананың барлық қызметкері үйіне қайтады. Тәрбиешілер кеткеннен кейін оқушылар өз істеріне кірісті. 9 және 10-сынып оқушылары, колледж студенттері жиналып, бөлмеге 10 баланы әкеледі. Олар донерге ақша талап еткен, бұлар бермеген. Сөйтіп сол жерде ұрып-соққан", – дейді Қайрат Қайназаров.

Бексұлтан қайтыс болған күні анасы ұзақ сапарға шыққан. Бірақ бәрі жоспарланғандай болмады. Ана жүрегі баласын мәңгіге жоғалтатынын сезбеді.

"Кеше 10 баладан да полиция жауап алды. Менің ұлым соққыдан қайтыс болды, интернеттегі барлық ақпарат өтірік. Соққы ұлымның жүрегіне тиген, оны тіземен жүректен тепкен, сарапшы тамырлары жарылып кеткенін айтты", – деп түсіндірді марқұмның әкесі.

Бексұлтанның бауыры Ерсұлтан да соққыға жығылды. Оның көз алдында бауыры қаза болды.

"Қазір Ерсұлтанның жағдайы ауыр. Мұның бәрі оның көз алдында болды. Ұлымның психикасы бұзылды, ауырып жатыр. Оны ұрып-соққан, қасында тұрған балалар, мұғалім, директор – әркім өз жазасын алсын. Әлімжеттік 10 күнде бола қойған жоқ, бұл бұрыннан қалыптасқан жүйе", — дейді қайғыдан қан жұтқан әке.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқармау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.

Қаза тапқан 14 жасар Бексұлтан Әбубәкірдің денесі жер қойнауына тапсырылды. 

Ақтөбеде спорт мектебінің сегізінші сынып оқушысын өзінен бір-екі жас үлкен ұлдар ұрып өлтірген. Мұны куәгерлер де, сараптама да растады. Қазір күдікке ілінген балалар қамауда отыр. Ұлынан айырылған ата-ана жауыздыққа барған жасөспірімдерді де, алғашында қылмысты барынша жасырған білім ошағының басшыларын да қатаң жазалауды сұрайды. 

Талқылау