Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Боранда қалған ақтөбеліктер зираттарды паналап жүр

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғындары боранда зираттарды паналауға мәжбүр. Тасөткел ауылының тұрғындары көршілес Құдықсай станциясындағы жұмыстарына қатынау үшін ашылмай қалған жолмен жаяу баруға мәжбүр екендіктерін айтады.

мола

Бұл туралы stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

«Біздің ауыл мен жұмыс орнына дейінгі аралық 10 шақырымнан асады. Жолды ашып жатқан ешкім жоқ. Борандарда жұмысымызға жете алмаймыз. Керісінше, жұмыстан үйімізге бара алмай қалған кездер болады. Ауыл әкімі де, аудан басшылары да хабардар, бірақ мәселе шешімін таппай отыр», – дейді ауыл тұрғындары атынан Мұхтар Сабырбайұлы.

40-қа жуық теміржолшы боранды күндері жұмысқа сағаттап, жаяу қатынауға мәжбүр. Қалың қарда көлік жүре алмайды.

«Біз ауысыммен кезектесіп жұмыс істейміз. Түнгі ауысымнан шаршап шыққан күні жаяулатып, ауылға тартамыз. Жолда қалып қойсақ, үй ішіне хабар беретін ұялы байланыс та жоқ. Кешегіде зираттың ішін паналауға тура келді. Боран әбден басылғанша моланың ішінде отырдық», – дейді Тасөткел ауылының тұрғыны.

Айта кетейік, ауылдан өткен 2015 жылы 7 отбасы көшіп кеткен. 100-ден астам отбасы бар. Өз кезегінде Тасөткел ауылдық округінің әкімі Бақытберген Байсейітов қар тазалайтын техникасының жоқтығын айтты.

«Жоғарыдағы әкім-қараларды ескерттім. Қолымнан ештеңе келмейді», – дейді ол.

Талқылау