Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бей-жай қарамаңыз": Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы қазақстандықтарға үндеу жасады (видео)

Өз әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Instagram парақшасында қазақстандықтарға мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Ол Instagram-ын көпшілік жалған парақшаларға алданып қалмасын деген ниетпен ашқанын хабарлады. Қазіргі парақшасын студент кезден қолданатынын жеткізді. 

“Аккаунтымды ашқан кезде маған көп адам жазылады деп ойламадым. Тек жалған аккаунттардан аулақ болғым келді. Бұл менің әлеуметтік желілердегі жалғыз парақшам, менде TikTok жоқ. Студент кезімнен @zhakiti аккаунтын қолданамын. Сондықтан да осы атау қалды. Қазір прокуратура қызметкері ретінде маған жүктелген жауапкершілікті түсініп, бар аккаунтымды @aimaganova_a деп өзгертуге және қоғамға ашық әрі пайдалы болуға шешім қабылдадым”, – деді прокурор.



Сондай-ақ ол көпшіліктен қолдау күтетін жеткізіп, алғысын білдірді. 

“Түсінгенім: өмірге адам болып өмірге келген соң адам боп қалу - міндет. Сондықтан болып жатқан істерге бей-жай қарау – сүйкімсіз адами қасиет. Ең бастысы – жүрекпен сезініп, жақсы ниетіңді аямау. Жан-жақтағы болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайық, қол үшін беріп көмектесейік!, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеген мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың атына Instagram желісінде парақша ашылған. Прокурордың  аккаунтына 24 сағат жетпей 233 мыңнан аса қолданушы жазылып үлгерген, бірақ бұл прокурордың өзінің емес, жалған парақша екені мәлім болды. 

Сондай-ақ Гүлбану Әбенова Бишімбаев сотындағы прокурор Айжан Аймағанованы қатаң сынға алған еді. 

Еске салайық, 4 сәуірде айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап берді. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген. Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов – қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.

Талқылау