Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір үйдің 26 мүшесі үйсіз қалған": Су тасқынынан зардап шеккен Орал қаласының тұрғындары биліктен көмек сұрайды

2 мамыр күні таңертең Орал қаласының Зачаганск ауданында орналасқан Комарово саяжай қоғамының тұрғындары су басқан үйлерінің қасына жиналып, жер телімдерін қалпына келтіруге және өтемақы алуға көмек сұрады. Көбінің сол үйден басқа барар жер, басар тауы жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: azattyq.org

Кездесуге жеті баланың анасы Айгүл Қомпақова балалары мен немерелерін ертіп келді. Комароводағы бір учаскедегі үш үйде Қомпақовалар отбасының 26 ​​мүшесі тұрған. Қазір үш ғимарат та су астында қалды. Әйелдің айтуынша, көпбалалы отбасы үшін жалдамалы пәтер табу қиын.

"Бір реттік көмек болсын берілген жоқ. Кеше екі егіз немереміз 40 күнге толды. Қазір баспанасыз қалдық. Екі ұлымыз (үлкені) пәтер жалдап тұрып жатыр. Бұған дейін біз бәріміз бірге жалдамалы үйде тұрдық. Алайда үй иесі кетуімізді өтінді. Көбі кішкентай балалар сындырып, бүлдіреді деп пәтеріне кіргізгісі келмейді", – дейді Айгүл Қомпақова.

Кездесуге келген Комарово қаласының тұрғыны Гүлнар Қалипанованың сөзінше, Оралда жалға берілетін баспананың бағасы айтарлықтай өскен. Әйелдің несиеге сатып алған жалғыз үйін су басып, мүгедек күйеуімен бірге эвакуациялық орталықта тұруға мәжбүр болды. Үйдің несиесі әлі өтелмеген, бірақ су тасқынынан кейін онда тұру мүмкін емесін айтады. Қалипанова тек баспана мәселесі бойынша көмек сұрайды.

"Біз биліктен комиссия тез өтіп, мүлікті бағалауы үшін сорғылар орнатып, барлық суды сорып алуды сұраймыз. Жаңа баспананы бағалау мен беруді кейінге қалдыра алмаймыз, жаз тез өтеді, күз басталады, қайда барамыз?” – дейді Қалипанова.

Комарова саяжайларында тұрақты тұрғындардан бөлек, жазда жер телімін пайдаланатындар да көмек сұрайды. Үйлерді тез арада құрғатып, бақшағадағы бұталар мен ағаштарды сақтау үшін аумақтарды судан тазарту керек дейді.

"Бұл – біз үшін үлкен жұмыс. Учаскелер мен үйлерді сақтап қалғымыз келеді. Үйлерімізде де бүлінген жабдықтар мен жиһаздар бар. Бізге биліктен көмек керек: суды сорып алып, енді су тасымас үшін жаңа бөгет тұрғызу керек", – дейді Оксана Кабанкина.

Әйел су тасқыны кезінде саяжай тұрғындары судың көтерілуінен сақтану үшін өздері бөгет салғанын айтады. Олар билік тарапынан ешқандай көмек алмаған. Бірақ салынған бөгет бірнеше саяжайлардан тұратын үлкен саяжай аймағын сақтап қалу үшін жеткіліксіз болған.

Полиция қызметкерлері жиналған жұртты шеттен бақылап отырды. Оқиға орнында жергілікті билік өкілдері көрінбеді. Бір сағатқа жуық уақыттан кейін жиналғандар тарап кетті.

Комарово саяжайы 21 сәуірде су астында қалды. Үлкен су ағыны тасқынға қарсы салынған бөгетті шайып кеткен. Су тасқыны сол аумақтағы бірнеше саяжай елді мекендерін басып, кейін Оралдағы су азая бастады.

Орал қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қалада су тасқынынан келген шығынды есептейтін комиссия жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуынша, зардап шеккен облыс тұрғындарының өтініштері қабылданып, үйлер су тартылған соң тексерілмек.

Бұған дейін "Қазгидромет", Жайық өзенінен төгілген су баяу ағып кететінін айтқан еді. Су басқан аумақтар екі айға дейін су астында қалуы мүмкін.

Оралда құтқарушылар мен әскерилер су бөгеттерін салған 24 орын анықталды. Олардың барлығы қаланың айналасындағы үш өзеннің – Жайық, Дерқұл және Шағанның бойында орналасқан саяжайлардан тыс жерде. Ресми деректерге сәйкес, Оралда су тасқыны 50 саяжай елді мекенін басып қалды, олардың көбі қала шегінде. Бұл екі мыңнан астам үй. Соңғы мәліметтер бойынша, Оралдағы эвакуациялау пункттерінде 2,5 мыңнан астам адам қалды.

Талқылау