Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тауға шығу, көгершіннің сорпасы мен есектің сүтін ішу": Қазақстандықтар қазіргі кезде өршіп тұрған көкжөтел ауруымен қалай күрескендерін айтып берді

Биыл елімізде көкжөтел ауруы өршіп, 790 жағдай тіркелген. Көпшілік күндіз-түні жөтел қысып, тамақ ауруына ұқсас мазасыз күйге түскеніне шағымданды. Желіде қазақстандықтардың аталмыш аурудан қалай емделіп жүргені туралы видеолар да көптеп тарай бастады. Бірі тауға шығып, ұшаққа мініп, биікке көтерілу арқылы бактерияны жоюға болады десе, енді бірі кептердің сорпасы мен есектің сүтін ішуге кеңес беріп жатыр. Осы орайда Stan.kz тілшісі маманнан халықтық емнің көкжөтелде қаншалықты пайдалы болатынын сұрап білді. 

Фото желі кадрларынан

Алматы облысының тұрғыны 36 жастағы Мадина Азиханованың баласы 7 айлығында дәл осы ауруға шалдыққан. Келіншектің айтуынша ауруды алғашында жай суық тию деп ойлаған екен. 

“Баламда туа бітті гипоксия ауруы анықталғандықтан екпе алмаған едік. Бірінші аптада ақырын жөтел басталды. Ол кезде суық тигізіп алдық деп ойладық. Екінші аптада жөтел өрши түсті. Қатты жөтелгесін жеке педиатрға барып, тексерістен өттік. Ол бізге көкжөтелдің күшейіп жатқанын айтып, анализ тапсыруға кеңес берді. Екі күннен соң талдау нәтижесі оң болып шықты. Алайда біз инфекциялық ауруханаға жатудан бас тарттық”, – деді ана. 

“Шымбұлақта төрт күн болып көкжөтелден айықтық”

Мадина осы тұста ғаламторды ақтарып, қандай емдер қолданылатынын іздегенін жасырмады. Айтуынша, көбі барынша таза ауада жүруді ұсынған.  

“Кейін қаладағы инфекционист педиатрға барып едік, ол да биік таудың шыңына шығуды ұсынды. “Тауда ауа қысымы төмен. Кислород аз болғандықтан жүрек соғысы қаттырақ болып, демалуы да жеңілдеп, өкпесі ашылады” деп сол жерде жүруге кеңес берді. Кейін біз Шымбұлақтағы ең биік 3 200 метрде қонақүйді жалға алып төрт күндей сонда болдық. 

Бірінші күннен бастап баламның жағдайы жақсара түсті. Әдетте түнімен жөтеліп шығатын бала түнде ұйқысы дұрысталып, тынышталды. Көкжөтелдің ең қиыны, жөтел ұстамасынан бала дем ала алмай қалады. Бірінші күннен бастап Шымбұлақтан жақсы болып қалдық. Әрине бұдан басқа дәрі-дәрмек те қабылдадық”, – деп қосты ол.

@mad.az.88 #коклюш #разреженныйвоздух #чимбулак #коклюшудетей ♬ nhạc nền - MUSIC DJ DANCE 88

Келіншек көпшіліктің тауға барудан басқа да әдіс-тәсілдерді ұсынғанын жеткізді.

“Кептердің сорпасы, есектің сүті сияқты да кеңестер болды. Бірақ балам кішкентай болғасын мұны пайдаланбадық. Көбі тау шыңында биік жерлер мен өзен көлдердің маңында жүру керек екеніне кеңес берді. Көкжөтелдің емі – таза ауа”, – деп қорытты ол.  

Фото желідегі пікірлерден скринделген

Көкжөтел қандай ауру?

Осы тұста Stan.kz тілшіcі ДСМ Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаевадан көкжөтел ауруы туралы сұрап білді. Маман медициналық тұрғыда аурудың ауа тамшылары арқылы жұғатынын растады. Айтуынша бұл ауру әсіресе вакцина алмағандар үшін ауыр болады екен. 

“Көкжөтел ауруы былтырдан бері елімізде өзекті болып отыр. Бүгінге дейін өкінішке қарай көкжөтелдің республика бойынша 790 жағдайы тіркеліп отыр. Оның 98%-ы, яғни 773 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында болған. Бұл – жұқпалы ауру. Тыныс алу жолдарының қабынуымен сипатталады. Ауа тамшылары арқылы жұғады. Жөтеліп түшкірген кезде, тіпті жақын ара қашықтықта сөйлесіп тұрып та бұл ауру жұғуы мүмкін”, – деді маман. 

Басқарма басшысы аурудың ересектерге қарағанда балалар үшін өте қауіпті екенін алға тартты. Көкжөтел суық тию, тұмау ауруына ұқсас болғандықтан, оны бірден анықтау да қиын екен.

“Аурудың алғашқы симптомдары жай суық тигендей мұрынның бітеліп, дене қызуының көтерілуі, аздап жөтелдің пайда болуынан басталады. Кейін ұстамалы түрде жөтел күшейеді. Ең қауіптісі балаларда қатты жөтелгеннен апное (тыныс алуының тоқтап қалуы) болуы мүмкін. Бұл бала өміріне қауіп төндіреді. Дәл осы кезде мидың қан айналымы бұзылып, ағзада оттегінің жетіспеуі байқалады. Аурудың асқынуы мидың дамуына әсер етіп, психикалық жағдайын да қиындата түседі. Көкжөтел симптомдары 5-6 апта жеңіл түрде өтеді. Ал ауыр түрде 6-7 айға дейін созылады. Мидың қан айналымынан басқа тағы бір асқыну белгісі – өкпенің қабынуы. Бұл да – өте ауыр ауытқу”, – деп қосты ол.

“Тау, ұшақ, көгершіннің сорпасы мен есектің сүті”: Көкжөтелге халықтық ем көмектесе ме?

Маман медицинада тауға барып ауамен емделу туралы кеңестің беріле бермейтінін алға тартты.

“Бұл – Bordetella pertussis (бордетелла пертуссис) бактерияларынан тарайтын инфекциялық ауру. Ал тауға шыққанда бұл бактерияның жойылып кететіне сене алмаймыз. Себебі оған ешқандай ғылыми түрде негіз жоқ. 

Bordetella бактериясына күн сәулесі 1 сағаттай түсіп тұрса, ол өзінің белсенділігін жоюы мүмкін. Дезинфекциялық препараттар арқылы немесе 50-60 градус ыстықта да жоюға болады. Ал бұл ауруды тауға шығып немесе ұшақта ұшу арқылы емдеу керек деген – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Сондықтан мұндай емді қолданғанша, аурудың алдын алған абзал”, – деді дәрігер.

Нұршай Әзімбаева осы тұста қандай да бір сорпаның да бұл бактерияны жоя алмайтынын алға тартты.

“Дәл осы көкжөтелге қатысты арнайы, тиімді ем жоқ. Дегенмен көкжөтел енді басталып келе жатқанда антибиотиктер қолданылады. Ал ауру асқынып, ұстамалы түрдегі жөтелге айналғанда, өкінішке қарай антибиотиктер де көмек бере алмайды. Сондықтан балаларға ауаны тазарту, ылғалдандыру сияқты симптоматиялық емдер жүргізіледі. Ал кептер сорпасы мен есектің сүті деген сияқты халықтық ем көмек береді деп айта алмаймын”, – деді маман. 

Алдын алу шаралары 

Нұршай Әзімбаева аурудың алдын алудың бірден-бір тиімді әдісі вакцина алу екенін тілге тиек етті. Айтуынша вакцинация екі айлық кезеңнен бастап, бірнеше мәрте жүргізіледі. Екі-төрт айдан кейін, 18 айда сосын 1-сыныпқа барған кезде салынады екен. 

“Вакцинацияны алып үлгермеген балалар инфекция жұқтыруға бейім болады. Сондықтан олар жасқа толмаған әлі вакцинаны толық алмаған балаларға инфекция көзі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқшаулау шаралары жүргізілуі керек. Себебі айтып кеткенімдей ауру сөйлегенде, жөтелгенде жұғады. 

Егер адам жоспарлы алуы керек барлық екпені алса, бұл ауруға иммунитет қалыптасады. Тіпті жұқтырған жағдайдың өзінде ауру симптомдары жеңіл өтіп кетеді. Яғни аздап жөтеліп жүріп, кәдімгі суық тигендей тез жазылады. Алайда олардан екпе алмаған балаларға жұқса, онда олардың ағзасы аурумен ауыр түрде күреседі. Екпе алған адам мүлдем ауырмайды деп айта алмаймыз, ауырса да, өте жеңіл түрде өткізеді”, – деп қорытты маман.  
Талқылау