Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аязда үсіп өлді: Электриктің қарсылығына қарамастан басшылығы боранда жұмысқа шығуға мәжбүрлеген

Қарлы боранның алғашқы құрбаны! Елорда іргесіндегі ауыла бір азамат боранда адасып, үсіп өлді. Одан басқа басына құрылыс материалы құлаған  астаналық  тағы бір тұрғын  жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір зардап шегушінің өмірін сақтап қалу  үшін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұдан қалды, боран кезінде тайып жығылып аяқ-қолын сындырғандар да көп, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазір коммуналдық қызмет бас қаланы қирандылардан тазартып, зақым келген ғимараттарды қалпына келтіре бастады. Бірақ көмек қолы барлық жерге жетіп үлгермей жатыр.

Любовь Сыроватская қайтыс болған күйеуін жоқтап жылап отыр. 60 жастағы  отағасы кеше қарлы боран кезінде жұмысқа кетіп, қайтып оралмаған. Сөйтсе, электрик болып істеген Владимир өзі тұрған Қошқарбаев ауылының электр станциясын тексермек болған екен. Бірақ, дүлей дауылда адасып, үсіп өлген.  Енді марқұмның жесірі қарлы боранда күйеуін мәжбүрлеп жұмысқа шығарған басшыларын кінәлап отыр.

«Боран болған соң, күйеуім далаға шыққысы келген жоқ. Бірақ, басшылық жұмыстан шығасың деп қорқытыпты. Оның үстіне жолдасымның жүрегі ауыратын.Соған қарамастан үйден шығып кетті», – дейді Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны Любовь Сыроватская.

Марқұмның денесін ауылдан 500 метр жерден  қызметтестері тауып алған. Айтуларынша, Владимир Сыроватскийді жұмысқа шық деп ешкім қысамапты. Тіпті, аудандық электр желілері мекемесінің басшысы, электр станциясын тексерудің қажеті жоқ еді дейді. Өйткені, Қошқарбаев ауылында бірде-бір үйдің жарығы сөнбеген.

«Ауа райына байланысты диспетчерге нұсқау берген болатынмын. Яғни, айтарлықтай апат болмаса, электриктер ешқайда шықпауы керек деп. Бірақ, марқұм мұны түсінбеген болар. Жауапты маман еді. Отбасына көмек көрсетіміз», – дейді Целиноград аудандық электр желілері мекемесінің директоры Сергей Герасименко.

Астанада да дауылдан зардап шеккендер көп. Соңғы мәлімет бойынша, 40-қа жуық тұрғын түрлі жарақатпен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Көбінің аяқ-қолы сыныпты. Ал, тұрғын үйдің құрылыс материалы басына құлап, ауыр жараланған бір азамат  жансақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан травматология бөлімшесінің дәрігерлеріне бірнеше күннен бері  дамыл жоқ.

«Жарнама баннері  құлаған бір адамға.  Тағы бір тұрғынның аяғына  қаңылтыр түскен. Төртінші адам аяғын қайырып алған. Желдің екпінімен алдыға итеріліп, өзін ұстай алмай құлап қалған», – дейді травмватолог Талғат Тұтабаев.

Ал, 40-қа жуық  ғимаратқа зақым келген. Яғни, қатты желден үйлер мен мектеп, балабақша, аурухана сынды мекемелердің шатыры ұшып, электр сымдары үзіліпті. Әрі дауыл 130-дан астам бағдаршамдықұлатып, 100-ге жуық көлікті ағаш пен түрлі құрылыс материалдары басып қалған.

«Пәтер иелері кооперативі-мен  және басқа да тұрғындармен қазір аудан әкімдіктері тығыз жұмыс жасап жатыр. Келтірілген шығындар әлі де есептеліп жатыр. Әрқайсысы кешегі күннің келтірген залалын қағаз бетіне жазып өткізуде», – дейді Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Элвира Жүргенбаева.

Ал,  боран басылып, күн райы тұрақталған соң бүгін мектептерде  сабақ үзілген жоқ. Бір сәтке де дамыл таппаған коммуналдық қызмет болса, көшелерді боран үріп тастаған қардан аршып үлгере алар емес. Дәл қазір көшелерде екі жарым мыңнан астам техника жүр.  Алайда, көмек қолы барлық жерге жете алмай жатыр.

Осылайша, Елорда дүлей дауылдан соң біртіңдеп ес жия бастады.  Бүгін әкім Әсет Исекешев жариялаған төтенше жағдай режимі  алынып тасталды. Бірақ құтқару қызметтері күшейтілген тәртіп бойынша жұмыс істей бермек.  Ал боран әкелген  шығынға келсек, оны есептеу бір күннің шаруасы емес. Сондықтан өтемақы мәселесі ұзаққа созылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Айсәуле Бақытбек жігітімен азаматтық некеде тұрғанын ашық айтты

Ақтөбеде полицейлер орамал тағатын оқушылардың үйлерін аралауға кірісті

Назарбаев пен Трамптың келіссөзінде қандай мәселелер талқылануы мүмкін екені белгілі болды

Геннадий Головкин Шымкентте дүркіреп өткен тойға арнайы қонақ болып келді

Төреғали Төреәлі дүркіретіп өткізген концертінде Республика сарайындағы күйсандықты сындырып кеткен

Талқылау